Аман Өтемұратов: сабан тасып жүрген ауыл баласы бүгін Google компаниясында істейді  

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Аман Өтемұратов / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Аман Өтемұратов / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Аман Өтемұратов – кеше сабан тасып жүрген ауыл баласы. Бүгінде әлемдегі ең бай әрі танымал компанияның бірі – Google-де істейді.

ІТ маманы Аман Өтемұратов, өзге де ауыл бозбалалары секілді, 2009 жылы Түркістан облысының бір ауылында сабан тасып жүрген фотосын жария етті. Ол 2019 жылы Google компаниясына бағдарламашы болып жұмысқа орналасыпты.

«Потенциалым толық ашылмағанын сездім»

Оның айтуынша, ол еңбек жолын 2013 жылы Қазкоммерцбанк банкінде бастаған. Жұмыспен оқуды қатар үйлестіріп, магистратурада білім алған.

«Өз потенциалымды толық аша алмай жүргенімді сезіндім. Сол сәттен бастап әлемдік алпауыт компанияға дайындықты бастадым», – дейді Аман Өтемұратов.

Ол түнгі он бірде үйіне шаршап келгеніне қарамастан, өзін дамытуға күш салған. Түннің бір уағына дейін бағдарлама есептерін шығарып, ағылшын тілін үйренуге ден қойған. Жасыратыны жоқ, Аман Өтемұратов үшін осы даму кезеңінің маңызы ерекше. Өйткені жетістікке жетудің алғашқы қадамы болды.

Мұратқа бастаған өжеттік

Аман Өтемұратов жетістікке жеткізген басты қасиеті қайсарлығы екенін айтады. Жүзден аса шетелдік компания оның өтінішін қайтарса да, тауы шағылмаған. Алға қойған мақсатына жетуден еш жалықпай, әрекет жасай берген. 2017 жылы арманына қарай алға жылжудың сәті түсті. Нидерландтағы Booking.cоm компаниясынан ақыры шақырту келеді.

Бірақ арманы асқақ Аман мұны да місе тұтпайды. Бұл жерде тұрақтап қалғысы келмейді.

«Армандаған өміріме қол жеткіздім»

Ақыры, 2019 жылы әлемдегі ең бай әрі танымал компанияның бірі Google-дың Швейцариядағы кеңсесіне жұмысқа шақырылады.  Қарапайым қызметкер болып келіп, бүгінде Google-дің аға бағдарламашысы болып еңбек етіп жүр.

«Шүкір, отбасыммен Швейцарияда армандаған өмірімді сүріп жүрмін», – деп тағдырына ризашылығын білдіріп отыр.

Кеше сабан тасып жүрген ауыл баласы бүгін Google компаниясының белді қызметкері.

Аман Өтемұратов өмір жолы қазақстандықтарға үлкен мотивация беріп отыр. Қарапайым ауыл баласының да ағылшын тілінде еркін сөйлеп, әлемдік биікті бағындыра алатынына жарқын мысал деп біледі.

Мұның алдында балдақпен жүрген мұғалімнің қалай бизнесменге айналғаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз