«Өрмек» операциясы: Украина тарихындағы ең ауқымды дрон шабуылы

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: Владимир Зеленский

Украин дрондары Ресейдің бірнеше әскери аэродромына соққы жасады. Ел президенті Владимир Зеленский оны «Өрмек» операциясы деп атап, Ресейдің Украинаға басып кіруі басталғалы бері тіркелген ең ауқымды шабуыл деп бағалады.

«Керемет нәтиже. Украина тарапынан толықтай дербес жүзеге асқан операция. Жоспарлау басталғаннан іске асуына дейін бір жыл, алты ай және тоғыз күн өтті. Бұл – біздің ең алыс қашықтықтағы операциямыз. Операцияны дайындаған адамдарымызды Ресей аумағынан дер кезінде шығарып үлгердік. Бұл – Украина қауіпсіздігі үшін жасалған батыл әрі нақты қадам», – деді Владимир Зеленский.

Украина Қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, бұл шабуыл нәтижесінде 40-тан астам әскери ұшақ зақымданған, оның ішінде А-50, Ту-95 және Ту-22М3 секілді стратегиялық маңызы бар әуе кемелері бар.

Президент Зеленскийдің айтуынша, барлығы 117 дрон қолданылған. Аэродромдарда орналасқан құрылықаралық қанатты зымырандарды тасымалдаушы стратегиялық ұшақтардың 34%-ына соққы жасалған. Келтірілген залал 2 млрд доллардан асады деген болжам бар.

Ресей Қорғаныс министрлігі бұл шабуылды растады. Олар дрон шабуылдарының салдарынан «бірнеше авиациялық техника бірліктері жанып кеткенін» хабарлады. Және бұл шабуылдарды «Киев режимінің лаңкестік әрекеті» деп бағалады.

Ресми мәлімет бойынша, шабуылдар бес аймақтағы әскери аэродромдарға бағытталған:

  • Мурманск,
  • Иркутск,
  • Иваново,
  • Рязань,
  • және Амур облыстары.

Еске салайық, қазір Ресей-Украина-АҚШ арасында келіссөздер жалғасып жатыр. Егер Мәскеу соғысты тоқтатуға ниетті болмаса, АҚШ келіссөз жүргізуді тоқтатуы мүмкін деп мәлімдеді. Ал Владимир Путин НАТО альянсы шығысқа қарай кеңеймейтіні туралы Батыстың ірі елдерінен «жазбаша» уәде алғысы келетінін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз