Банк пен қаржы

Қарашығанақ газ зауытындағы акционерлер ауысуы мүмкін бе?

Қарашығанақ газ зауыты
Қарашығанақ газ зауытының акционерлері / Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қарашығанақтағы газ зауытының негізгі акционерлері Eni және Shell компаниялары жобадағы жұмысын тоқтатуы мүмкін. Қазақстан билігі оларға жобадан шығуды тапсырған. Бұл туралы энергетика саласындағы халықаралық басылым Upstream жазады.

Басылым 17 мамырда Қарашығанақ жобасындағы Қазақстан мүддесін қорғайтын мемлекеттік агенттік «PSA» ЖШС (100% үлесі Энергетика министрлігіне тиесілі) мен акционерлер арасындағы хатпен танысқан. Құжатта агенттік акционерлерге Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытына қатысты жұмысты дереу тоқтатуды тапсырғаны жайлы жазылған.

«Хатта акционерлерге жобаны іске асыру үшін құрылған бірлескен жұмыс тобын тарату туралы да нұсқау берілген. Сонымен қатар құжатта жобаның кідірісі, шығындарының артуы және реттелетін газ бағасына байланысты акционерлердің қаржылық өтемақы талаптары да сынға алынған. Бұл шешім жобаның құны мен мерзіміне байланысты ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқан келіспеушіліктердің ушығуына байланысты қабылданды», – деп жазылған Upstream материалында.

Бірақ акционерлер жобадан шығатыны жайлы ақпаратты нақтылаған жоқ.

Қарашығанақтағы газ зауытының құрылысын жауапты кімдер?

Қарашығанақ жобасындағы негізгі акционерлер – италиялық Eni және Shell компаниялары. Олар елдің энергетика саласындағы маңызды жобалардың бірі газ зауытының құрылысын аяқтап, іске қосуы қажет еді. Бірақ жобаның жұмысы баяулап, үкімет пен акционерлер арасында түсініспеушіліктер байқалды.

Алдымен газ зауыты 2026 жылдың соңына дейін іске қосылады деп жарияланды. Осы сәуірде Энергетика министрлігі «технологиялық нысандар бойынша белгілі бір қиындықтар» туғанын хабарлады. Сол кезде премьер-министр Олжас Бектенов Қашаған мен Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыттарының құрылысы уақытылы аяқталуын ерекше қадағалап тапсырған еді.

Мамырда «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма басшысы Асхат Хасенов Shell концерні барлау және өндіру бөлімшесінің басшысы Питер Костелломен кездесті. Ол жоба бойынша «оң динамиканың жоқтығына» алаңдаушылық білдірді.

Ал осы жылдың басында Upstream Online газ зауытының жобасы Оңтүстік Кореялық Hyundai Engineering және Sicim Kazakhstan консорциумына берілуі мүмкін деп хабарлаған . Басылымның жазуынша, егер қазіргі акционерлер шілдеге дейін құрылыс мәселесін шешпесе, жоба басқа инвесторға беріледі.