Қазақстанда коммуналдық қызметтерге ортақ төлем құжаты пайда болады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: shutterstock

Қазақстанда коммуналдық және қосымша тұрғын үй қызметтерін төлеуге арналған Бірыңғай төлем құжаты (БТҚ) енгізіледі. Жобаны Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

Бірыңғай төлем құжаты – су мен электр энергиясынан бастап интернет пен қоқыс жинауға дейінгі барлық төлемдерді біріктіретін электронды түбіртек. Енді азаматтарға бірнеше төлемдердің орнына бір құжат қана келеді, бұл төлем процесін айтарлықтай жеңілдетеді және уақытты үнемдейді.

Бірыңғай төлем құжатына енгізу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта төлем құжатында электр энергиясы, су, жылу, қоқыс шығару, интернет және байланыс бар.

Бұл қызмет Астана мен Алматыда жұмыс істейді. Шымкентте сумен жабдықтау және газбен жабдықтау қызметтерін электронды құжатқа енгізу басталды.

Өңірлерде, әсіресе, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан және Павлодар облыстарында БТҚ ауқымын кеңейту жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр.

Қазір бірыңғай төлем құжаты енгізілмеген облыстық маңызы бар тағы 4 қала, 63 аудан және 3000-ға жуық ауыл бар, олар бойынша жұмыс жүріп жатыр деп хабарлайды министрліктен.

Еске салайық, биылдан бастап коммуналдық тарифтер АЕК-пен есептелетін болады. Яғни коммуналдық төлем бағасы өсуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз