Қазақстанда оқу орталығын ашуды неден бастау керек

Жарияланды 2 Маусым 2025 16:15

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: archdaily.com
Фото: archdaily.com

Білім беру саласы табысты бизнес сектордың бірі саналады. Ата-аналар балаларының оқуына қаржы аямайды. Сапалы білім береміз деген орталыққа соңғы ақшасын беруге дайын. Бірақ оқу орталығын ашу үлкен дайындықты қажет етеді.

Оқу орталығын ашуды неден бастаймыз?

Алғашқы қадам — мақсат пен аудиторияны анықтау. Ол үшін төмендегі сұрақтарға жауап табу керек:

  • Сіздің орталығыңыз кімге арналған? Бұл мектеп жасындағы балалар ма, әлде ересектер ме?
  • Оқу бағыты қандай болады: тіл курсы, математика, логика, ҰБТ-ға дайындық, бағдарламалау, қаржылық сауат немесе баланың шығармашылық дамуына арналған бағдарлама ма?
  • Оқыту форматы қандай болады? Онлайн, офлайн немесе гибрид?

Екінші маңызды дүние – оқу бағдарламасы. Жоспар құру барысында әр курсқа арналған оқу мақсатын, сабақ құрылымын, үй тапсырмаларын, бағалау критерийлерін және визуалды материалдарды дайындау қажет. Егер өз әдістемеңіз болса, тіпті жақсы. Ол сіздің артықшылығыңыз болмақ.

Егер орталық оффлайн форматта жұмыс істейтін болса, орналасатын жердің маңызы зор. Ол мектепке, тұрғын үй кешендеріне, аялдамаға жақын болуы қажет. Ғимараттың жарық, жылы әрі қауіпсіз болуы, санитарлық талаптарға сай келуі міндетті. Ал егер онлайн форматты таңдасаңыз, онда платформаның ыңғайлы (Zoom, Google Meet, LMS) және материалдар кәсіби және сапалы болуы керек.

Оқу орталығын ашу үшін министрліктен лицензия алу қажет пе?

Қазақстанда қосымша білім беру мекемесін ашу үшін лицензия міндетті емес, бірақ сіз қызметіңізді ресми жүргізу үшін жеке кәсіпкер (ЖК) немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) ретінде тіркелуіңіз керек. Оны egov.kz порталы арқылы онлайн орындауға болады. Кейін салық режимін таңдап (патент, жеңілдетілген декларация), жұмыс форматын заңдастырасыз. Егер ғимарат жалдайтын болсаңыз, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау міндетті.

Қаржы жоспары

Кез келген бизнестің қаржылық негізі болу керек. Ол үшін алдымен бизнес-жоспар дайындап, кіріс-шығысты есептеп алыңыз. Оқу ақысының жүйесін нақтылаңыз: ай сайын, курсқа бөліп немесе толық төлем арқылы. Кей кәсіпкерлер бірнеше қызмет түрін топтап сатқан тиімді деп айтады. Мысалы, «математика + логика» немесе «ағылшын + түрік тілі» пакеті. Бонустар мен жеңілдіктерді де қарастырған жөн: достарын алып келген оқушыға, бірнеше бала әкелген ата-анаға арнайы баға, алғашқы сабақты тегін өту және т.б.

Оқу орталығы мен клиент арасындағы келісімді нақты етіп рәсімдеу керек. Келісімшартта сабақ тәртібі, төлем жүйесі, оқушы келмеген жағдайда не болатыны, қайтарым шарттары және жауапкершілік бөлігі анық көрсетілуі тиіс. Бұл жағдайларды алдын ала жазып алған дұрыс, болашақта клиенттермен болатын түсінбеушіліктердің алдын алады.

Жарнамасы

Оқушыларды тарту үшін жарнама стратегиясы аса маңызды.

  • Instagram, TikTok, Telegram – қазіргі заманда оқушылар мен ата-аналар жиі қолданатын платформалар. Онда сіз курс мазмұнын, нәтижелерді, оқушы пікірлерін, сабақ барысынан үзінділерді, тегін кеңестерді тұрақты жариялап отыруыңыз керек.
  • Сонымен қатар жергілікті қауымдастықтарға, мектеп чаттарына, ата-аналар арасында ұсыныс айту арқылы алғашқы клиенттерді жинауға болады.
  • Қызығушылық тудыру үшін тегін вебинар, сынақ сабағы немесе мастер-класс өткізу жақсы нәтиже береді.

Дайын оқу орталықтарын ашу қанша тұрады?

Егер оқу орталығын нөлден бастап ашу қиындық тудырса, дайын бизнес түрін сатып алуыңызға болады. Olx-те оған сай хабарландырулар да көп. Мәселен, Атырауда 1-11 сыныптарға арналған дайын оқу орталығын 6 млн теңгеге сатып алуға болады. Оған төрт жабдықталған класс, компьютерлік сынып және бес жылға қолдау кіреді.

Ал Астанада жұмыс істеп тұрған балалар шығармашылық студиясын 5 млн теңгеге ұсынуға дайын. Бұл қаражатқа 65 шаршы метрде орналасқан студия, жеке оқу кабинеттері және қызметкерге арналған ас үй де кіреді. Тұрақты клиенттері бар, табыс көзі айына 800 мыңнан бастап 1 млн теңгені құрайды.

Қазір трендке айналған робототехника сыныбын ашқыңыз келсе, 10 млн теңге жұмсауыңыз қажет болады. Әлбетте, қымбаттау. Себебі бағасына тек орталықтың өзі емес жұмыс істеп тұрған ноутбуктар мен планшеттер де кіреді. Персонал қызметі жолға қойылған, тұрақты клиент базасы бар.

Жеке оқу орталықтары ҰБТ тапсыруға дайындалып жүрген оқушылар үшін өте қажет болатыны рас. Ол туралы біз толығырақ мына жерде жаздық.

Сондай-ақ оқыңыз