Вьетнамдық компания Қазақстаннан әуежай сатып алу жоспарын кейінге қалдырды

Вьетнамдық Sovico Group компаниясы Қазақстандағы әуежайды басқаруға алу жоспарын кейінге қалдырды. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Мамыр айының басында Жұманғарин вьетнамдық компанияның Қазақстанда әуежай сатып алу немесе оны басқару мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтқан болатын. Кейін Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Бақаев мәселе Қызылорда облысындағы әуежайды басқару туралы екенін нақтылаған еді.
Алайда қазіргі таңда басқару мәселесі де кейінге қалдырылды. Жұманғариннің айтуынша, бастапқыда вьетнамдық компания Ақтөбе және Түркістан әуежайларын қарастырған.
«Менің білуімше, ол бұл жұмысты әзірге тоқтатты. Әуежайды сатып алу жайы қозғалған жоқ. Ол әуежайды басқаруға алғысы келген, базалық әуежай болсын деген ниетте болған. Бірақ бұл жоспарын кейінге шегерді, себебі қазіргі таңда әуе компаниясын дамыту үшін ауқымды инвестициялар салып жатыр. Келесі кезеңде ол әуежайды не сатып алу, не басқаруға алу мәселесін қайта қарауы мүмкін. Бірақ қандай жағдайда да, егер әуе компанияң болса, саған базалық әуежай қажет болады», – деді министр мәжіліс кулуарында.
Айта кетейік, вьетнамдық VietJet Aviation компаниясы Airbus-тан 20 кеңфюзеляжды ұшақ сатып алмақшы. Әрбір ұшақ құны 374 млн доллар тұрады, тапсырыстың жалпы сомасы жеңілдікпен 7,5 млрд долларды құрайды. Өткен жылы VietJet Airbus-тан дәл осы модельдің 20 данасын алған еді. Қазір компания паркингінде Airbus-тың 115 әуе көлігі бар.