Алматыда бетперде тағып, балта ұстағандардың әрекеті тұрғындарды шошытты

Желіде Алматыдағы көпқабатты тұрғын үйдің подъезінен бетперде киген, қолында балтаға ұқсас зат ұстаған белгісіз адамдардың шыққан сәті түсірілген видео тарады. Бұл жағдайға қатысты полиция түсініктеме берді.
Instagram желісіндегі @almatynews_kaz парақшасында бетперде киген және қолында ауыр зат ұстаған белгісіз адамдар түсірілген екі видео жарияланды. Бірінші видеода үш адам подъезд алдында тұр, олардың бірінің қолында балтаға ұқсайтын зат бар. Олардың жанына подъезден тағы бірнеше жігіт шығады.
Екінші видео – подъезд ішіндегі бақылау камерасынан алынған. Онда бетперде таққан бір топ жігіттің жоғарғы қабатқа көтеріліп бара жатқан сәті көрінеді. Біреуінің қолында қылышқа ұқсас зат бар.
Видео сипаттамасында жарияланым авторы оқиға 2 маусым күні таңертең Маметов көшесі, 47-үйдің маңында болғанын жазған.
«Бетперде киген бірнеше адам қолдарына балта секілді қару алып, тұрғын үйге кірмек болды. Куәгерлер олардың агрессивті әрекет жасап, біреуді іздеген болуы мүмкін екенін айтты. Тұрғындар учаскелік полицияға жүгінді», – деп жазды автор.
Осы жағдайға қатысты Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.
«Алмалы аудандық полиция басқармасының мәліметінше, аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Аталған дерек бойынша полицияға ешқандай өтініш, арыз, қоңырау немесе өзге де ресми хабарламалар түспеген. Ақпараттың шынайылығын растайтын нақты деректер тіркелмеген,- деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ ПД қала бойынша қосымша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ал азаматтарға тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
Еске салайық, 11 қаңтарда Астанадағы тұрғын үйлердің біріндегі лифтіде 14 жастағы жасөспірімнің кішкентай балаға пышақпен шабуыл жасаған оқиға қоғамда резонанс тудырған болатын.