Назарбаевтың Путинмен неге кездескені белгілі болды

Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапары жеке, бейресми сипатта өтті. Оның Ресей Президенті Владимир Путинмен көпжылдық достық қатынастары бар, бұл байланыстар мемлекеттік лауазымдардың болуына немесе болмауына қарамастан сақталып келеді. Бұл туралы экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай мәлімдеді.
Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар әлемдік көшбасшылармен байланысын үнемі ұстап отырады — бұл телефон арқылы сөйлесулер, жеке хат алмасу және кездесулер арқылы жүзеге асады. Бұл тек Ресеймен шектелмей, Түркия, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Беларусь және басқа да елдермен қарым-қатынасқа қатысты.
«Мұндай форматтағы өзара іс-қимыл халықаралық тәжірибеге сай келеді және Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік қызметтегі жылдарында қалыптасқан жеке байланыстарын көрсетеді. Мемлекеттік лауазым атқармайтын беделді саяси тұлғалармен жеке кездесулер — қалыпты дипломатиялық тәжірибе. Мысалы, Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу өткен күні Ресей Президенті Жапонияның марқұм Премьер-министрі Синдзо Абэнің жесірі Акиэ Абэмен де жеке кездесу өткізді», — деді Үкібай.
Нұрсұлтан Назарбаевтың сапарына келсек, ол Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларға шақырту алған. Алайда баспасөз хатшысының айтуынша, объективті себептерге байланысты бұрынғы президент ресми мерекелік күндері Мәскеуге бара алмаған және Астанаға кейінірек, жеке сапармен барған.
Сонымен қатар Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақты түрде Қазақстанда тұратынын атап өтті. Оның елден кеткені туралы хабарламалар шындыққа сәйкес келмейді.
Еске салсақ, 30 мамырда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге барып, РФ президенті Владимир Путинмен жеке кездесу өткізген болатын. Бұл ақпаратты Ресей басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков хабарлады.
Айта кетейік, екі саясаткердің жеке кездесуі соңғы рет 2024 жылдың желтоқсан айында өтті. Назарбаев ол кезде де Мәскеуге барып, Путинмен жеке әңгімелескен болатын.