Volkswagen Li Auto L9-ға бәсекелес болатын гибридті көлік шығармақ

Жарияланды 2 Маусым 2025 10:55

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Volkswagen жаңа ID. ERA қосылатын гибридінің өндірісін 2026 жылдың сәуірінде бастайды / Фото: Autohome

Volkswagen қатары тағы бір  жаңа модельмен толығады. Компания бұл жолы Li Auto L9-ға тікелей бәсекеге түсетін көлік шығаруды көздеп отыр.

ID. ERA — Volkswagen үшін жаңа кезең

Гуандун–Гонконг–Макао аймағындағы автокөрмеде Volkswagen компаниясы қосылатын гибридтердің жаңа буынының іске қосылатынын хабарлады. ID. ERA деп аталатын модель 2026 жылдың алғашқы тоқсанында жарық көрмек, ал сериялық өндірісі сол жылдың сәуір айында басталады.

ID. сериясы әдетте таза электр көліктерімен байланысты болғанымен, бұл жаңа модель — қосылатын гибрид болады. Сондықтан ол тікелей қытайлық Li Auto L9 моделімен бәсекелеспек.

Техникалық ерекшеліктері

Жаңа модель жаңартылған 1.5 литрлік EA211 Evo II турбоқозғалтқыш пен электр жетегінен тұратын гибридті күштік қондырғыдан тұрады. Жүріс қоры 1000 км-ден асады деп күтілуде, дегенмен тек электрмен жүретін арақашықтық туралы нақты ақпарат әзірге жарияланған жоқ.

Автокөлік келесі мүмкіндіктермен жабдықталады:

  • Жұмсақ жүріс үшін пневматикалық аспа жүйесі
  • Маневрлілікті арттыру үшін артқы басқарылатын доңғалақтар
  • Жасанды интеллект негізіндегі дауыстық басқару жүйесі
  • Қытай нарығы талап ететін кеңейтілген жүргізуші көмекшілері жиынтығы

Volkswagen көліктің цифрлық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударған. Дауыстық басқару жүйесі жасанды интеллектпен біріктіріліп, медиа жүйемен табиғи тілде қарым-қатынас жасауға және жүргізушінің сөйлесу стиліне бейімделуге мүмкіндік береді.

ID. ERA — Volkswagen бренді үшін «ақылды» технологиялар осындай деңгейде алғаш рет қолданылатын модельдердің бірі болмақ. Бұл шешім — қытайлық тұтынушылардың цифрлық дағдылары мен басқару ыңғайлылығына қойылатын өсіп келе жатқан талаптарына сай қабылданған.

Мұның алдында Volkswagen компаниясының бас атқарушы директоры Томас Шефер Golf үлгісінің электрлік нұсқалары әзірленіп жатқанын ресми түрде мәлім еткен болатын. Хабарламада Volkswagen ID2 GTI электромобилі алдыңғы жетекті болатыны айтылған. Оның толық қуаты 322 ат күшіне дейін жетеді. Еске сала кетсек, ID2 сериясы — Golf негізінде жасалған концептуалды жоба. Бұл көлік 2026 жылдан ерте таныстырылмайды.

Сондай-ақ оқыңыз