Алматының су жаңа әкімі неге қымбат кортежбен жүр – Қаржы министрлігі жауап берді

Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл шенеуніктерге тек отандық автокөліктер алу үшін ғана ақша бөлінетінін айтты. Бірақ министрлік өкілі Алматы әкімінің неге қымбат кортежбен жүретінін түсінідіріп бере алмады.
Әкім кортежі
Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте журналист министрлік өкілінен Алматының жаңа әкімі Дархан Сатыбалдының қымбат көліктерден тұратын кортежі туралы сұрады.
«Сіз жаңа әкімнің кортежі туралы видеоны көрдіңіз бе? Қызылорда әкімі де қымбат көлікпен жүргенін көріп қалдық. Әкімдік шенеуніктері сәл қарапайымдау болғаны дұрыс секілді. Бұл бюджет қаражатын шамадан тыс шашу емес пе?», – деген сауал қойды.
Вице-министр бюджет қаражатына шетелдің люкс санаттағы көліктерін сатып алуды тым артық деп санайтынын жеткізді.
Бюджет қаражатына қымбат автокөлік алу тым артық
Алайда Қаржы министрлігінің өкілі Алматы әкімінің кортежін көрмегенін айтты.
«Мен бұл роликті көрмедім. Бұл сұраққа әкімдіктің өзі жауап беруі керек. Егер расымен қымбаттық көлік болса және ол бюджет есебіне сатып алынған болса, мен мұны тым артық деп есептеймін. Ал негізінен шенеуніктер үшін бюджеттен ақша тек отандық автомобильдерге бөлінеді», – деді Кеңбейіл.
Еске сала кетсек, 24 мамыр күні президент жарлығымен Ерболат Досаев Алматы әкімі лауазымынан босатылды. Сол күні мәслихаттың қалаға әкім ретінде Дархан Сатыбалдыны таңдағаны белгілі болды.