Шымкентте бұрынғы жұмысшылар кәсіпорыннан әлеуметтік төлемдерін төлеуді талап етті

Жарияланды
Фото: Дилара Иса

3 маусым күні Шымкенттегі «Azala Textile” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы жұмысшылары бір жылдық зейнетақы жарнасын, әлеуметтік төлемдерді төлеуді талап етіп, кәсіпорынға барды. Компания жұмысшылардың алдында 60 млн теңге шамасында берешегі бар екенін растады.

60 жастағы Татьяна Жаворонкова «Azala Textile” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ораушы болып 7 жыл жұмыс істеген. Биыл наурыз айында жұмыстан босатылған. Ол әлі күнге бір жылдық зейнетақы, әлеуметтік төлемдер мен міндетті әлеуметтік медициналық төлемнің өтелмегеніне наразы.

Қазір жұмыссыз далада қалдым. Менің жасымда ыңғайлы жұмысқа табу екіталай. Көбі аптасына 6 күндік жұмыс. Оған денсаулығым жарамайды, мүмкіндігім де жоқ. Үйде мүмкіндігі шектеулі балам бар. Осындай қиын жағдайда жұмыстан шығып, қиналып отырмыз. Қазір тамақтың өзіне ақша үнемдеуге мәжбүрміз. Оған қоса тиісті төлемдер төленбеген. Мысалы, міндетті әлеуметтік медициналық төлем төленбегені үшін емханаға барып, дәрігерге қарала алмай отырмын. Зейнетақы төлемі салыпбаған. Зейнеткерлікке шығуға санаулы айлар қалғанда оның да кесірі тигелі тұр, – дейді Жаворонкова.

Жұмысшылардың сөзінше, Жаворонкова сияқты жүзден аса адам биыл наурыз айында бір мезетте жұмыстан шығарылған. Бәрі соңғы айлардағы айлық жалақысын ала алмаған соң, еңбек инспекциясына арызданған. Инспекция араласқан соң, жалақы төленген. Қазір бірі өзге жұмысқа орналасқан, енді бірі жұмыссыз жүр. Кәсіпорынның жұмысшылардың тиісті төлемдерін төлемегені туралы прокуратураға шағым түсірген. Бірақ әзірге нәтиже болмаған.

Мысалы, маған «Azala Textile» компаниясының шамамен 400 мың теңге қарызы бар, – дейді кәсіпорынның бұрынғы жұмысшысы Омархан Әріпханов. – Жақында мемлекеттік қызметтер порталына кіріп, анықтама алдым. Соңғы 1 жыл жұмыс істеген кездегі бірде-бір әлеуметтік төлемдер төленбеген. Бұл төлемдер менің жалақымнан ұсталды ғой. Неге уақытылы төленбейді? Еңбек құқығы бойынша бізге төлемнің бәрі уақытылы аударылуы керек.

Омархан Әріпханов аталған төлемдерді төлеуді талап етіп «Azala Textile» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорына барғанымен, нәтиже болмаған.

ЖШС директоры Бекет Тұрсынханов Kursiv.Media-ға жұмысшылар алдында қарызы барын растады. Айтуынша, серіктестіктің бұрынғы қызметкерлеріне берешегі 60 млн теңгеден асады.

Шынында, кәсіпорынның жағдайы оңай емес. Қолымыздан келгенше қаражат жинап, жұмысшылардың айлық жалақысын төледік. Ендігі мәселе зейнетақы, әлеуметтік төлемдер мен міндетті әлеуметтік медициналық төлемді төлеу. Енді жан-жақтан қаражат қарастырып, іздеп жатырмыз, – дейді Тұрсынханов.

Кәсіпорын жақын күндері қарызын өтемесе, бұрынғы жұмысшылары сотқа арызданатынын айтады.

Сондай-ақ оқыңыз