Шымкентте қала күнін тойлауға қанша теңге бөлінгені белгісіз

Жарияланды
Фото: Дилара Иса

Шымкентте 19 маусым күні қала күнін тойлауға дайындық жүріп жатыр. Қала күніне ұйымдастырылатын іс-шараларға бюджеттен қанша ақша бөлінген?

Қала күнінде өтетін мерекелік іс-шаралардың бірі – «Той-думан» радиосының арнайы концерті. Бұл туралы бірнеше айдан бері радио өз арнасында жариялап, концертке кіру тегін екенін айтып, жұртты шақырып жатыр.

Десе де әлеуметтік желіде әнші Мөлдір Әуелбекова дәл осы концертке қатысты пікір бергені жарияланды. Ол концертте ән айтуға әншілер тегін шақырылып жатқанын, мұнымен келіспейтінін жеткізген.

«Той-думан» радиосының фестивалі өтеді екен. Шымкент 300 миллион теңге бөліпті. Әншілерге тегін қатысыңдар деп хабарласып тұр. Мен қарсымын. Көрермен әншіге келеді. Неге әншінің еңбекақысын төлемейсіздер?!” деп жазғанын Skifnews.kz ақпарат порталы жариялады.

Бұған «Той-думан» радиосы да жауап қатып, бұл жалған ақпарат деп мәлімдеген. Концертке ақша бөлінбегенін, тек жергілікті әкімдіктен алаң, қауіпсіздік шаралары сақтау мақсатында төтенше жағдайлар қызметі мен полиция, жедел жәрдем шақыруды сұраған. Мұны Шымкент қаласы әкімдігі де растады.

Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Убайдуллақызының айтуынша, «Той-думан» жобасына ақша бөлінбеген. Мұны мемлекеттік сатып алу порталынан да көруге болады. Ондағы іс-шаралардың тізімінде бұл жобаның аты аталмайды.

Радио концертті Астана алаңында өткізуге рұқсат сұрады.Біз қала күнінде өткізуге болатынын айттық. Содан кейін қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ұйымдастыруға, сахналық жабдықтарға көмек берсеңіздер деп өтініш жасады. Біз көмектесіп жатырмыз, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Басқарма өкілінің сөзінше, биыл қала күнін тойлауға қанша қаражат жұмсалатыны белгісіз. Өйткені биыл жыл бойы өтетін 12 мерекелік күндерді ұйымдастыруға мемлекеттік сатып алу порталы арқылы бір лотпен конкурс жарияланған. Бұған бас-аяғы 380 млн теңге қарастырылған.

Жыл соңына дейінгі іс-шараларға бір лотпен жібердік. 380 миллион теңге шамасында ақша бөлінген. Ұтып алған компания ақшаны реттеп жұмсайды. Нақты мына шараға осынша сома кетті деп айта алмайды. Біз көрсеткен талаптарды орындап берсе болды, – деді Мөлдір Убайдуллақызы.

Сондай-ақ оқыңыз