Жаңалықтар

«Тағылған айыпқа келіспеймін»: Шерзат ісіндегі сотталушылар жарыссөзде не деді

Шерзат ісінде сотталушылар сөйлеп жатыр/фото: kursiv.media

Талдықорғандағы Шерзат сотында тараптардың жарыссөзі өтіп жатыр. 3 маусымда сотталушылар іске қатысты ойын айтты.

Сотталушы Дархан Әскентай:

Менің сол жерде болғаным, досыма хабарласқаным рас. Нұрбол досымды (біреуді) ұрып-соғу үшін, кек алу мақсатында шақырмағам. Құрметті сот, істеген іс-әрекетімді видеоматериалдан қарасаңыз, ешкімге қол көтермедім, теппедім, қолымда пышақ болмады. Мен досым Нұрболды шақырғаныма өкінемін. Жазым жағдай, аяқ асты төбелес болып кетеді деп кім білген? Қарап тұрсаңыз осы іске тікелей қатысы бар, осы оқиғаға себепші болған жәбірленуші Қаржаубай. Ол Шерзат марқұмға мен туралы жалған ақпарат беріп, балалар келгенде пышақ шығарып, агрессия танытпағанда, Шерзат келгендердің бірін ұрмағанда, мұндай төбелес болмаушы еді. Бұл жерде ерегес бастаған және адамдар тобын құрған, пышақ пен қаруды дайындаған – Қаржаубай.

Сотталушы Равиль Сакиев:

Біріншіден жәбірленуші тараптан, Жұмабике Қадыровадан шын көңіліммен кешірім сұраймын. Өз тарапымнан сотқа дейінгі тергеу барысында да, сот барысында да Нұрқанатқа 2-3 мәрте соққы жасағанымды мойындадым. Сол үшін Жұмабике ападан кешірім сұраймын. Шерзаттың жатқан жері жайлы болсын. Құрметті сот, қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармағы бойынша (адам өлтіруге оқталу) айыпталып отырмын. Нұрқанатқа 2-3 мәрте соққы жасағанымды мойындаймын, сол үшін шын жүректен өкінемін. Ол айыпты маған қандай дәлелге сүйеніп тағып отырғанын білмеймін. Нұрқанат Ғайыпбаевтың берген бірінші жауабында «маған пышақты Азамат салды» деген, екінші жауабында «пышақты Нұрқияс салды» деген. Беттестіру кезінде мені 2017 жылдан бері танимын деді. Арамызда ешқандай бас араздығымыз жоқ. Мені басқамен шатастырып алуы мүмкін емес деп ойлаймын. Қолымда ешқандай пышақ, суық қару болған жоқ.

Тағылған айыпқа келіспеймін. Нұрқанатты тепкенімді мойындаймын. Шын жүректен өкінемін.

Сотталушы Абзал Шынасыл:

…Мен жазадан қорықпаймын, әділ шешім қабылдауыңызды сұраймын. ҚР ҚК 106-бабы бойынша жаза тағайындауыңызды сұраймын. Барша қазақ елінен кешірім сұрағым келеді. Әлеуметтік желіде «байдың баласы, депутат, әкесі әкім» деп жерден алып, жерге салып жатыр. Ешқандай да аға-көкем жоқ. Ешқандай да әкем жоқ, жалғыз ғана анам бар. Ешқандай қылмыстық топ емеспіз, дайындалып барған жоқпыз. Ешкім ойлаған жоқ мұндай болады деп. Шерзат Полатты өлтірген мен емес, бірақ нақты дәлелім жоқ. Сол үшін кім істегенін айта алмаймын.

Сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев:

Өкінемін. Тергеу және сот барысында кінәмді жартылай мойындаймын. Өзімді ақтау тырыспаймын. Оқиға болған күні ешқандай қылмыс жасау ниетім болған жоқ. Маған Дархан досым хабарласып, көмек сұрады. Ол менің жақын досым, жағдайын білу үшін ғана бардым. Оқиға орнына барғаным рас, бірақ жанжал туғызған жоқпын, ешкімге күш қолданған жоқпын, қолымда пышақ болған жоқ. Қылмыстық іс құжаттарында «пышақ қолданып, бұзақылық ниетпен қылмыс жасады» деп көрсетіп қойған. Мен оқиғаның ішінде болсам да белсенді әрекет жасаған тұлға емеспін.

«Хуторскиймін, денсаулық қойып тастайсың» деген әңгіме болған емес. Мұндай әңгіме айтсам, Нұрымов маған жүгіретін еді ғой. (…) Жәбірленуші Ғайыпбаев мылтықты бізге қарата атқаннан кейін екі рет тептім. Сол үшін кешірім сұраймын. Маған қылмыстық кодекстің 293-бабының 3 бөлігі бойынша прокурор айып тақты. Бұған келіспеймін. Шерзат Полаттың өліміне Нұрымов Қаржаубайды күдікті деп танып, оған қылмыстық іс қозғауды сұраймын. Төбелес кезінде Дидар Қалиахметті көрмедім. Дүкен алдында тұрған, төбелеске қатысты жоқ. Думан Ысқақ көлікте отырды. Төбелесті көрген жоқ. Балалардың қолынан пышақ, суық қару көрмедім. Құрметті сот, жасаған әрекетім үшін жауапкершілікті түсініп, сізден жеңіл жаза қолдануыңызды сұраймын. Сізден әділеттілік пен мейірім сұраймын.

Сотталушы Азамат Тоқтаубаев:

Ол жерге ағамның қал-жағдайын біліп кетейін деген ниетпен бардым. Қылмыс болған жерге барғанымды мойындаймын. Қолымда қару-жарақ, суық қару, пышақ болған жоқ. Ешкімге пышақ сілтеген жоқпын.

… Істі болдым, істі болғаннан кейін басыма тиген адаммын. 7 жылға сотталғанымның өзі өмір бойына бас бостандығымнан айырғандай ауыр жаза болып тұр. Бәрін түсініп тұрмын, баласы қайтыс болды. Көңіл айтамын. Туған ағамның атынан кешірім сұраймын.

Сотталушы Думан Ысқақ:

Құрметті сот, мені ақтауыңызды сұраймын. Барлығы әділ болуын сұраймын. Дархан Әскентай мен Дидар Қалиахметтен басқасын танимын, бір ауылда тұрамыз, бәріміз көршіміз. Мені ақтауыңызды сұраймын.

Сотталушы Шыңғыс Белғожаев:

Болған оқиғаға қатты өкінемін. Құрметті сот, біз ешқандай да қылмыстық топ емеспіз, қасақана төбелесеміз деген ойымыз да, ниетіміз де болмаған. Мұндай оқиға болатынын білгенде, бізді мылтықпен күтіп отырғанын білгенде, бармақ түгілі сол жерге мүлде жоламайтын едік. Қаржаубай Нұрымов өткен сотта «Шыңғыс мені қуалап, киімімді жыртты» деп өтірік айтты. Мен ол кісіні дүкен алдынан кейін мүлде көрген жоқпын.

Шерзат Полат Дархан Әскентайды ұрмағанда; Қаржаубай Нұрымов қолына пышақ алып, қайта-қайта атылмағанда; Шерзат Полат Нұрқияс Ілиясовты бірінші болып ұрып, төбелесті бастамағанда; Нұрқанат Ғайыпбаев мылтық әкеліп, дайындалып отырмағанда және атпағанда мұндай жағдай болмас еді.

Сотталушы Нұрқияс Ілиясов:

Мұндай жағдайды ешкімге тілемеймін. Барғаныма қатты өкінемін. Шерзат марқұм бірінші мені ұрды, ағасы бізді атты. Марқұм ағасы атпағанда, Шерзат мені ұрмағанда… мен сөйлесу мақсатында барғам. Дархан Әскентайды мүлде танымаймын, «Нұрбол шақырып жатыр» деген соң ғана бардым. Соғысу мақсатында емес, мән-жайды біліп, қол алысып кету үшін бардым. Ешқандай арам ойым болған жоқ. Барған кезде марқұм Шерзат мені ұрды. Құрметті сот, сізден әділ жаза беруіңізді сұраймын. Шерзатқа қолымның ұшы да тиген жоқ, тек Нұрқанатты ұрдым.

Сотталушы Дидар Қалиахмет:

Полицияға хабарласпағаным үшін, арашаламағаным үшін кешірім сұраймын. Анамнан, әкемнен, жұбайым, бала-шағамнан кешірім сұраймын. Құрметті сот, әділ шешім шығаруыңызды сұраймын. Ешкіммен төбелескен жоқпын. Прокурорлар мені төбелесті деп көрсеткен, соны дәлелдеуін сұраймын.