«Қатыгез, қылмыскер емеспіз»: Шерзат ісіндегі айыпталушылар соттағы соңғы сөзін айтты

Талдықорған сотында Шерзат Полаттың қазасынан кейін қозғалған қылмыстық істе бұзақылық, адам өлтіруге оқталу, адам өлтіру, ұрлық бабы бойынша айыпталғандар соттағы соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды KursivMedia.
Соттағы репликалар
Сотталушы Азамат Тоқтаубаев өзіне тағылған айыпқа келіспейтінін, алайда ұрлық бабы бойынша жазасын өтеуге дайын екенін айтты.
«Маған қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) негізінде айып тағылған. Менің бұзақылық немесе қару ұстау ниетім болған емес. Телефонды тауып алып, иесіне қайтарып бермек болдым. Мұны қылмыс деп есептесеңіз, жазамды арқалауға дайынмын. Бірақ бұзақылық бабына келіспеймін», – деді Тоқтаубаев.
Істегі басты сотталушы Абзал Шынасыл төбелес басталған жерге ең соңғы болып барғанын айтты.
«Гүлбара Бишембиева мен Шерзаттың әжесін ол күні көрген жоқпын. Бейнежазбаға қарасам, ол кісімен бірге барған екенбіз. Оң жағымда кетіп бара жатыр екен. Шерзат Полат маған қатысты ешқандай іс-әрекет жасаған жоқ, онымен кездесіп, төбелескен жоқпын. Оған пышақ сұғатындай… Мен келген кезде Нұрқанат Ғайыпбаев маған қарай жүгірді, қарап тұра алмай соққы жасадым. Сол кезде көліктен мылтық алып келді, атты. Құлақ, бас тұсымнан өткенін сездім. (…) Біз қатыгез, қылмыскер емеспіз. Арамыздағы Ысқақ Думан мен Қалиахмет Дидардың ешқандай қатысты жоқ деп ойлаймын. Әділ шешім шығаруыңызды сұраймын», – деді Абзал Шынасыл.
Сотталушы Равиль Сакиев пышақ ұстамағанын айтып өтті.
«Прокурор жарыссөзде маған қатысты 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Түрмеде 8 ай отырмын. Адамды қатыгездікпен өлтіргендерге 13 жыл беріп жатыр. Екі тепкенім үшін қалай 20 жыл сұрайсыз? 2-ақ рет тепкенім үшін, мен ол жерге ештеңе білмей бардым. Дарханды да, Нұрболды да танымаймын. Менің де жүрегім ауырады. Менің жалғыз анам мен әкем бар, бір үйдің жалғыз баласымын. Кінәлі емеспін деп айтпаймын. Мен кінәлімін. Нұрқанат Ғайыпбаевты тепкенімді мойындаймын», – деді Сакиев.
Сотталушылардың соңғы сөзі
Сотталушы Азамат Тоқтаубаев:
…Кенеттен төбелес басталып кетті, Шыңғыс екеуміз қалдық. Ол Қаржаубай мырзаға ұмтылды. Кейіннен дүкеннің алдында Қаржаубай мырза екеуміз қалдық. Қолында пышақ тұр екен «Брат, пышақты таста, төбелес керек емес, балаларды алып кетем. Сен де достарыңды алып кет» деп айтқаным сол еді, арғы жақтан тарс етті. Шошып кеттім. Келген ізіммен автокөлікке қарай қашамын. Бардым да аяғымды қарадым, сау екен.
Балаларды ажыратуға бара жатқанда табан астында бір телефон жатыр екен. Телефонды иесіне қайтарайын деген мақсатта алдым. Топтық төбелес болып жатқан жерге 40-50 метр жетпейтін жерде алдымнан Нұрқияс Ілиясов мылтықпен келе жатыр екен. Мылтықты маған берді, мен де алдым. Шыңғыс «кеттік» деді. Көліктің алдына отырдым.
Құрметті сот, сізден әділ жаза тағайындауыңызды сұраймын. Бір үйден екі азамат сотталып отыр. Әке-шешемізге обал, бала-шағамыз жетім қалды. 2024 жылы үйленіп, қызды болғаннан кейін өмірге дейін көзқарасым өзгерді. Қазір отбасылық жағдайымды ойлаймын. Жазамды өтеп шыққаннан кейін өзгеремін. 7 жыл, 15 жыл деп жатыр. Ол өмір бойына бас бостандығынан айыру сияқты көрінеді. Өзімді қоғамға қауіптімін деп есептемеймін. Мені 7 жыл 2 ай мерзіммен қалдыруыңызды сұраймын.
Сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев:
Оқиға барысында адамдар тобын құрып, сөз байласып, төбелес ашу ниетім болған жоқ. Видеоматериалдан менің іс-әрекетімді көріп, бақыладыңыздар. Мен ешқандай өтірік қоспадым. Шотты төледім, төбелес бастау ниетім жоқ. «Хуторский, денсаулық қойып тастайсың» деген жоқпын. Қолыма пышақ, қару ұстаған жоқпын. Дархан Әскентай мен Шерзат Полатты татуластыру үшін бардым.
Сотталушы Дархан Әскентай:
…Әкемнен 2016 жылы айырылдым, екі жыл өтпей шешем қайтыс болды. Енді үйленіп, отбасы құрайын деп жүргенде осындай жағдайға тап болдым. Өміріміздің мәнсіз өтіп кетпеуін және сотты болып жатқан балалардың бәрінің жазасын жеңілдетуіңізді сұраймын. Жазым жағдай болды. Құрметті сот, сізден әділ шешім күтемін. Қатты өкінемін…
Сотталушы Шыңғыс Белғожаев:
Болған жағдайға қатты өкінемін. Қазір бәрін түсіндім, істеген іс-әрекетіме өкінемін. Құрметті сот, мүмкіндік болса маған бас бостандығымнан айырмайтын жаза тағайындауыңызды сұраймын.
Сотталушы Думан Ысқақ:
Құрметті сот, мен тергеуде де, сотта да бар шындығымды айттым. Ешқандай жерде қарама-қайшылық жоқ. Төбелесті көрген жоқпын, білмедім. Білсем айтатын едім. Тек қана қылмыс болғанын (2024 жыл) 4 қазан 11-12 шамасында білдім. Мені ақтауыңызды сұраймын.
Сотталушы Нұрқияс Ілиясов:
Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін. Істеген ісімді мойындаймын. Қолымда пышақ болған жоқ. Мені өлтіріп қояды деп, атқаны үшін ұрдым. Әділ жаза беруіңізді сұраймын.
Сотталушы Дидар Қалиахмет:
Мені Нұрқанат Ғайыпбаевпен ең соңғы болып беттестірді. Оған дейін мені мүлде айтпаған. Беттестіру кезінде сөзге келіп қалдық, сол кезде мені «ұрды» деп көрсетті. Шерзаттың ата-анасынан кешірім сұраймын. Маған тағылып отырған айыппен толық келіспеймін, әділ шешім шығаруыңызды сұраймын.
Сотталушы Равиль Сакиев:
Ол жерге ештеңе білмей бардым. Ата-анасының кім екенін білген жоқпын. Төбелес басталғанда Нұрқанатқа ызаланып, оны 2-3 рет тептім. Қолыма қару, мылтық ұстаған жоқпын. Мұндай оқиғаға қалай түсіп қалғанымды әлі түсіне алмай жүрмін. Алланың берген тағдыры деп қабылдадым. Ол жерге біреуді өлтіремін, біреумен төбелесемін деп барған жоқпын. Бұзақылық бабына толық келісемін, ол үшін өкінемін. (…) Сіздің балаңыз ешкімді өлтірген жоқ. Қайда жүрсеңіз де басыңызды тік ұстап жүрсеңіз болады, мам… Өзім жақтан дәлелімді айттым, жауаптарымда қарама-қайшылық жоқ. Құрметті сот, маған әділ жаза беруіңізді сұраймын. Кінәлі емеспін деп айтпаймын.
Сотталушы Абзал Шынасыл
Ол жерде Шерзат Полатқа жақындаған емеспін. Нұрқанатпен төбелестім, ызаланып, 3 рет пышақ сұғып алдым. Бұл жерде Равиль Сакиевтің қатысы жоқ. Өзімнің не істегенімді нақты білемін. Өкінемін. Көлікке сыймай кафе алдында қалған кезде әрі қарай бармауым керек еді. Істеген іс-әрекетіме өкінемін. Кінәмді жартылай мойындаймын.
Үкім 5 маусымда шығады
Шерзат Полат ісі бойынша үкім 2025 жылдың 5 маусымы сағат 16:00-де шығады. Бұл туралы судья Ержан Жанұзақов айтты.
«Сот қылмыстық іс бойынша үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне шығады. Үкім 2025 жылы 5 маусымда сағат 16:00-де жарияланады», – деді судья Жанұзақов.