Шерзат ісі бойынша үкім шығатын күн белгілі болды

Шерзат Полат ісі бойынша үкім 2025 жылдың 5 маусымы сағат 16:00-де шығады. Бұл туралы судья Ержан Жанұзақов айтты.
3 маусымдағы сот отырысында сотталушылар соттағы соңғы сөзін айтты. Содан кейін судья үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетті.
«Сот қылмыстық іс бойынша үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне шығады. Үкім 2025 жылы 5 маусымда сағат 16:00-де жарияланады», – деді судья Жанұзақов.
1,5 жылдан 23 жылға дейін соттауды сұрады
2025 жылдың 2 маусымындағы сот отырысында мемлекеттік айыптаушылар сотталушы Абзал Шынасылды қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағы (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 23 жылға бас бостандығынан айыруды;
Равиль Сакиевті қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) бойынша 20 жылға бас бостандығынан айыруды;
Шыңғыс Белғожаевты, Дархан Әскентайды, Дидар Қалиахметті, Нұрбол Тоқтаубаевты қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыруды;
Азамат Тоқтаубаевты қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық) бойынша 15 жылға бас бостандығынан айыруды;
Нұрқияс Ілиясовті қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 9 жылға бас бостандығынан айыруды;
Думан Ысқақты (2007 жылы туған) қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмысты жасыру) кінәлі деп танып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.