Түркияда 5,8 балдық жер сілкінісі болып, 1 адам қаза тапты

3 маусым күні түнгі сағат 02:17-де Түркияның Мұғла провинциясындағы Мармарис ауданына жақын жерде, Жерорта теңізінің жағалауында магнитудасы 5,8 балдық жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы TRT Haber басылымы жазды.
Жер сілкінісі 67,91 шақырым тереңдікте тіркелген. Эпицентр Мармарис ауданынан 10,43 шақырым жерде болған. Сілкініс Мұғламен қатар Айдын, Денизли, Маниса және Измир сынды көршілес провинцияларда да сезілген.
1 бала қаза тапты, 69 адам жарақат алды
Мұғла губернаторы Идрис Акбыйықтың айтуынша, сілкініс салдарынан 69 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың 45-і ауруханаға жеткізілсе, 14-і оқиға орнында емделген. Бір науқас ауруханаға жатқызылған. Фетхие ауданында дүрбелең кезінде ауруханаға жеткізілген 14 жастағы Афранур Гүнлю есімді қыз бала қаза тапқан.
Инфрақұрылымға зақым келмеген
Губернатор Акбыйықтың мәлімдеуінше, қалада электр, су, табиғи газ жүйелері мен кәріз желілеріне қатысты ірі ақау тіркелмеген. Тұрғын үйлерде қирау немесе құлау жағдайлары анықталмаған.
Түркия билігі табиғи апаттың салдарын барынша азайту мақсатында шаралар қабылдап жатқаны хабарланды.
Түркияда кейінгі жылдары жер сілкінісі жиілеп кетті. Соңғы рет сәуір айында Ыстанбұлда қуаты 6,2 балды құраған жер сілкінісі болған. Ол кезде жер сілкінісі салдарынан 151 адам жарақат алған. Ал былтыр қазан айында елдің шығыс бөлігінде 6 балдық жер сілкінісі тіркелген.
Ал 2023 жылғы 6 ақпанға қараған түні Түркияда 7,7 және 7,6 балдық қуатты жер сілкіністері болып, салдарынан 50 мыңнан астам адам зардап шеккен. Жер сілкінісі елдің 11 провинциясы мен көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда да сезілген.
Дүниежүзілік банктің бағалауынша, жер сілкінісінен келген тікелей мүліктік залал 34,2 миллиард долларды құрайды.Түркия Қаржы министрлігі залал сомасы 2 триллион лира (105 миллиард доллар) немесе 2023 жылғы ұлттық табыстың 9%-ы деп есептеген.