Қазақстанда криптокарталар шығарылмақ

Жарияланды 3 Маусым 2025 14:52

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
криптокарталар
Криптокарталар қандай болады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда банктері криптовалютамен төлем жасауға арналған арнайы төлем карталарын шығарады. Бұл туралы Ұлттық Банк хабарлады.

Енді азаматтар лицензиясы бар криптобиржалардағы әмиянына байланған криптокарталар арқылы тауар мен қызмет ақысын төлеп, сондай-ақ қолма-қол ақша шешіп ала алады.

Мұндай карталар — Астана халықаралық қаржы орталығының аумағында тіркелген заңды криптобиржалармен жұмыс істейді. Картаны қолданған кезде криптовалюта автоматты түрде сатылады, ал оның теңгедегі баламасы бірден картаға түсіп, төлем сол сәтте теңгемен жүзеге асады. Осылайша, криптовалютаны қолдану заңды әрі ыңғайлы болмақ.

Ұлттық Банк бұл механизм цифрлық активтерді елдің төлем инфрақұрылымына қауіпсіз енгізуге мүмкіндік береді деп отыр. Сонымен қатар, бұл бастама криптовалюта айналымын ашық нарыққа шығарып, көлеңкелі секторды қысқартуға ықпал етеді.

2025 жылдың соңына дейін бірнеше жаңа жобалар іске қосылады деп жоспарланып отыр. Атап айтқанда:

  • Теңгемен қамтамасыз етілген стейблкоиндар шығарылады. Бұл — тұрақты бағамен ұстап тұратын криптовалюта түрі, оның ішінде цифрлық теңгеге негізделген нұсқалар да болады;
  • Қаржы активтері мен жылжымайтын мүлік токенизацияланады — яғни, олар цифрлық түрде көрсетіліп, заңды түрде айналымға шығарылады;
  • Цифрлық активтерді тіркеу және сақтау жүйелері құрылады;
  • Сондай-ақ криптовалютамен айырбастау және сақтау қызметтері іске қосылады.

Бұған дейін Ұлттық Банк криптоайырбастау пункттерінің жұмысына да рұқсат беруді жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Бұл айырбастау орындары арнайы лицензиямен жұмыс істейді және тек рұқсат етілген криптовалюталармен операциялар жүргізе алады. Қазіргі уақытта тиісті заң жобалары дайындалуда.

Қазір Қазақстанда криптовалютамен операциялар тек АХҚО лицензиясы бар криптобиржаларда ғана жүргізіледі.

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Astana International Forum барысында елімізде CryptoCity деп аталатын арнайы пилоттық аймақ құрылатынын айтты. Бұл аймақта криптовалютаны тауар мен қызмет үшін ресми түрде пайдалануға мүмкіндік жасалады.

Сондай-ақ оқыңыз