Мұнай-газ компаниялары отандық кәсіпкерлерден 680 млрд теңгенің өнімін сатып алған

2025 жылдың үш айында мұнай-газ саласындағы ірі компаниялар қазақстандық кәсіпкерлерден 680 млрд теңгеге өнім, қызмет пен жұмыс сатып алған. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында айтты.
Жалпы осы кезеңде саладағы сатып алу көлемі 1,1 трлн теңгеге жеткен. Соның ішінде отандық үлес – 60,2%. Министрдің айтуынша, бұл көрсеткіш жергілікті өндірушілерге деген сұраныстың тұрақты екенін көрсетеді.
Кімдер сатып алып жатыр?
Бұл өнім мен қызметтің басым бөлігін Теңізшевройл (ТШО), Қарашығанақ (КПО) және Солтүстік Каспий жобасы (НКОК) сатып алған. Олардың үлесі – 62%. Қалғаны «Самұрық-Қазына» және басқа компанияларға тиесілі.
Ал 2024 жылы ірі операторлар отандық өндірушілермен 423 млрд теңгеге 58 келісімшарт жасасқан. 2025 жылдың алғашқы айларында 12,5 млрд теңгеге тағы 8 келісім жасалды.