Тимур Турлов CTOgram стартапындағы үлесін 41%-ға жеткізді

Freedom Holding Corp. компаниясының CEO-сы Тимур Турлов CTOgram стартапындағы үлесін 41%-ға дейін арттырды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады. Ол стартап негізі қалаған кезде ақша салған инвесторлардың үлесін сатып алған.
Стартаптың бас директоры Жандос Тұрсымбаев бастапқы кезеңде жобаны қолдаған инвесторларға алғысын білдіріп, үлестің стратегиялық инвестордың қолына шоғырлануы компанияны одан әрі дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, CTOgram Freedom Auto экожүйесінің дамуына үлес қосатын болады.
«Біз Тимур Турловқа көрсеткен сенімі мен соңғы екі жыл бойы жалғасып келе жатқан жемісті әріптестігі үшін алғыс айтамыз», – деді Жандос Тұрсымбаев.
Компания капиталының құрамынан Сингапурдың венчурлік Quest Ventures қоры, қазақстандық Most Ventures қоры, сондай-ақ жекелеген инвесторлар – Олжас Жиенқұлов, Талғат Исмайыл, Әнуар Сейфуллин, Руслан Рақымбай және басқалар шықты. Сонымен қатар компанияның негізін қалаушы Жандос Тұрсымбаев та өз үлесінің бір бөлігін сатқан.
Тимур Турлов CTOgram стартапының экожүйе үшін маңызды буын екенін атап өтті. Оның үлесін арттыру — сервисті Freedom SuperApp экожүйесіне толықтай кіріктіру бағытындағы маңызды қадам болмақ.
«Біз бұл компанияның өзге экожүйелік жобалармен синергияға түсу мүмкіндігін жоғары бағалаймыз. Қазіргі мақсатымыз — Freedom Auto аясында көлік иелері үшін бірыңғай цифрлық маршрут құру. Ол диагностикадан жөндеуге, сақтандырудан автокөлік бөлшектерін сатып алуға дейін қамтиды. Оның бәрі бір терезе арқылы жүзеге асады. CTOgram бүкіл цифрлық платформамыздың дамуына серпін беріп, клиенттеріміз бен серіктестеріміз үшін қосымша құндылық ұсынады деп сенемін», – деді Турлов.
Айта кетейік, CTOgram – көлік иелеріне автосервис табуға көмектесетін платформа. Қазіргі таңда сервис 280 мың қолданушы мен 2 мыңнан астам шеберхананы біріктіреді. Сонымен қатар компанияның жол-көлік оқиғаларынан кейін көлікті жедел қалпына келтіруге маманданған Autobody атты жеке шанақ жөндеу орталықтары желісі бар.
2023 жылы Тимур Турлов CTOgram-ға 1,5 млн доллар инвестиция салған. Ол кезде компания құны 13,5 млн доллар деп бағаланған еді. Бұл инвестицияның негізгі мақсаты – автокөлік бөлшектерін сату арқылы стартапты әрі қарай дамыту болатын.
Тимур Турлов – АҚШ-та тіркелген Freedom Holding Corp. инвестициялық тобының негізін қалаушы әрі CEO-сы. Қазақстанда бұл топтың құрамына «Фридом Финанс» АҚ, Freedom Bank, Freedom Finance Insurance сақтандыру компаниясы, Freedom Finance Life өмірді сақтандыру компаниясы, Arbuz.kz онлайн супермаркеті, Freedom Travel агрегаторы және басқа да жобалар кіреді.