Қазақстанда 1,6 млн теңге айлықты қай саланың мамандары алады

Жарияланды 3 Маусым 2025 17:52

(жаңартылды 4 Маусым 2025 09:26)
Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
жалақы
Қазақстандағы жалақы қанша / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2024 жылы Қазақстанда жалдамалы қызметкерлердің орташа айлығы 405 416 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 11,3%-ға өскен. Алайда елдегі жалақы мөлшері мамандыққа, жынысқа және өңірге қарай қатты өзгереді.

Ерлер мен әйелдердің жалақысындағы айырмашылық – 124 мың теңге

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, ер адамдар әйелдерге қарағанда айтарлықтай жоғары жалақы алған. Ерлердің орташа айлығы – 468 914 теңге, ал әйелдерде – 344 496 теңге. Бұл айырмашылық 124 мың теңгеден асады, яғни бір жылда 1,5 млн теңгеге жуық қосымша табыс деген сөз.

Қай саладағы жалақы жоғары?

2024 жылы сақтандыру және зейнетақы қызметі саласында жұмыс істейтін мамандар ең жоғары жалақы алған. Олардың орташа айлығы 1,6 млн теңгеге жетті. Бұл салада жалақы бір жылда 62,9%-ға артқан. Одан кейінгі орында – жылжымайтын мүлік саласының мамандары тұр. Мұндағы жалақы 1,5 млн теңгені құрап, бірден бес есе өсіп, рекордтық көрсеткішке жеткен.

Үшінші орында – қаржы және сақтандыру саласы келеді, оның қызметкерлері 1,2 млн теңге табыс тапқан. Сонымен қатар басқару және кеңес беру (консалтинг) саласында да жалақы 1,15 млн теңге болып, 14,6% өсті. Бұдан бөлек, теңіз және жағалаудағы жүк тасымалында жұмыс істейтін мамандар 1,12 млн теңге көлемінде табысқа ие болған. Ал IT саласындағы (бағдарламалау мен кеңес беру қызметтері) жалақы 1 млн теңгеге жетіп, 27,5%-ға өскен.

Ең аз жалақы алатындар

Ал енді ең төменгі жалақы тіркелген салаларға келсек, мұнда әлеуметтік бағыттағы қызмет түрлері басым. Мысалы, балық шаруашылығында жұмыс істейтіндердің орташа айлығы небәрі 109 066 теңге болған. Бұл – республика бойынша ең төменгі жалақы. Ал балабақша тәрбиешілерінің айлығы 195 723 теңге болды.

Сондай-ақ қауіпсіздік пен тергеу саласында орташа жалақы 201 934 теңгені құрады. Әлеуметтік көмек көрсету, нақты айтқанда, тұратын жерсіз адамдарға қызмет көрсететін салада жұмыс істейтіндердің табысы 247 935 теңгемен шектелген.

Қай саладағы жалақы өсті?

Жалақысы ең қарқынды өскен салаларға келсек, туризм және туроператор қызметі бірінші орында тұр. Бұл саладағы айлық 59,6%-ға артқан.

Одан кейін өзен көлігі қызметінде де айтарлықтай өсім байқалып, жалақы 34,3 пайызға өсті. Сол сияқты телевизия мамандарының табысы 29,9%-ға артты.

Сондай-ақ баспа ісінде жалақы 26,1 пайызға көбейсе, құрлықтағы жолаушылар тасымалы саласында өсім 25,1 пайызды құраған. Бұл бағыттардағы жалақы өсімі нарықта мамандарға деген сұраныс артып отырғанын білдіреді.

Қай өңірде жалақы жоғары?

Өңірлер бойынша алсақ, ең жоғары жалақы Атырау облысында тіркелген – 633 322 теңге. Бұл – мұнай-газ секторымен байланысты аймақтың ерекшелігі. Одан кейінгі орында Маңғыстау облысы – 580 931 теңге, Астана қаласы – 538 009 теңге және Ұлытау облысы – 533 551 теңге.

Ірі қалалардың бірі саналатын Алматыда орташа жалақы 490 963 теңге болса, Шымкентте бұл көрсеткіш 312 536 теңгені құрады. Ең төмен жалақы Жетісу облысында байқалды — 293 160 теңге. Бұл өңірлік теңсіздіктің әлі де өзекті екенін көрсетіп отыр.

 Бұ ретте Halyk Finance сарапшылары елдегі жалақы өсімі экономика қарқынына ілесе алмай келеді деп тұжырымдайды.

Сондай-ақ оқыңыз