
Италияның Кассациялық соты ел тарихындағы маңызды шешімдердің бірін қабылдады. Енді шетелде экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) әдісімен бала туған біржынысты әйелдер жұбы Италияда ресми түрде баланың екі анасы ретінде тіркеле алады. Бұл туралы Euronews хабарлады.
Италияда ЭКО тек гетеросексуалды жұптарға ғана рұқсат етілген. Осыған байланысты көптеген әйелдер шетелге барып, ұрықтандыру процедурасынан өтуге мәжбүр болатын. Бірақ бала Италияда туғанымен, биологиялық анасының серіктесі заң жүзінде баламен ешқандай туыстық байланыста саналмайтын.
Соңғы жылдары елдің бірнеше аймағында прокуратура мұндай туу туралы куәліктерге қарсы шығып, оларды заңсыз деп тануға тырысты. Бұл шешімдер біржынысты отбасыларды үлкен қауіпке тіреді: егер биологиялық ана қайтыс болса немесе жұп ажырасса, екінші ана баланы көруге, тәрбиелеуге немесе шетелге алып шығуға құқығынан айырылатын.
Алайда енді Италияның жоғары соты мұндай тәжірибе балалардың да, ата-аналардың да құқықтарын бұзады деп таныды. Енді жергілікті тіркеу органдары екі ананың да есімін ресми құжаттарға енгізуге міндетті.