Қазақстан мен Солтүстік Македония әлем чемпионатының іріктеуінде кездеседі

9 маусым күні Қазақстан ұлттық құрамасы футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Солтүстік Македонияны қабылдайды. Ойын «Астана Аренада» өтеді.
Қазақстан құрамасы жаңа бас бапкер Әли Әлиевтің жетекшілігімен алғашқы жеңісін Лихтенштейнге қарсы ойында тіркеп, енді өз алаңында жеңісті жолды жалғастыруды көздеп отыр. Ал Солтүстік Македония іріктеу кезеңін сенімді бастаған: Лихтенштейнді жеңіп, Уэльспен тең түсті. Екі құрама бұған дейін 2021 жылы бір рет кездесіп, македониялықтар 4:0 есебімен басым түскен.
Ұлттық құрама сапына кімдер шақырылды
Құраманың оқу-жаттығу жиыны 31 мамырда Астанада басталған. Бас бапкер Әли Әлиев алдағы ойындарға 27 футболшыны шақырды:
Қақпашылар: Мұхаммеджан Сейсен («Астана»), Александр Заруцкий («Қайрат»), Стас Покатилов («Сабах», Әзербайжан), Бекхан Шайзада («Ордабасы»)
Қорғаушылар: Әлібек Қасым («Ақтөбе»), Ян Вороговский, Марат Быстров (екеуі де – «Астана»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Роман Асранкулов, Александр Зуев, Наурызбек Жагоров (бәрі – «Тобыл»), Еркін Тапалов («Қайрат»), Сергей Малый, Сұлтанбек Астанов (екеуі де – «Ордабасы»), Әділбек Жұмаханов («Елімай»)
Жартылай қорғаушылар: Асхат Тағыберген, Ислам Чесноков («Тобыл») Ғалымжан Кенжебек («Кошице», Словакия), Дәурен Жұмат («Оқжетпес»), Исламбек Қуат («Жеңіс»), Георгий Жуков («Пуща», Польша), Муроджон Халматов («Ордабасы»)
Шабуылшылар: Максим Самородов («Ахмат», Ресей), Айбар Жақсылықов («Қайсар»), Дастан Сәтпаев («Қайрат»), Алияр Мұхамед («Оқжетпес»)
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 5 маусымда Минск қаласында Беларусьпен жолдастық ойын өткізсе, 9 маусымда «Астана Аренада» Солтүстік Македонияға қарсы іріктеу матчы өтеді. Жанкүйерлер билеттерді Ticketon.kz сайтынан ала алады.