Халық 21 млрд теңге құйған «Amanat Drive» қаржы пирамидасының басшысы қамалды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
«Amanat Drive»
«Amanat Drive» қаржы пирамидасына қатысты тергеу басталды / Фото: ашық дереккөз бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қаржы мониторингі агенттігі «Amanat Drive» қаржы пирамидасына қатысты тергеу бастады. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары халыққа пайызсыз бөліп төлеу арқылы жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алуды ұсынып келген. Алайда компания уәде етілген міндеттемелерін орындамаған. Ал, шын мәнінде, мүлік тек ұйымдастырушылардың туыстары мен жақындарына ғана берілген.

Осындай заңсыз жолмен қаржы пирамидасы 8 мыңнан астам салымшыдан 21 млрд теңгеден астам қаражат тартқан.

Қандай схеманы пайдаланған?

Қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы заңсыз жолмен алынған қаражатты заңдастыру үшін бірнеше деңгейлі схема жүргізген. Ол өз бақылауындағы заңды тұлғалар – «Алло, не керек», «i-m@rketing», «Gold SapaPremium» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін пайдаланған.

Бұл компаниялар жалған жеткізушілер ретінде көрсетіліп, жарнама қызметтерін, жылжымайтын мүлік пен көлік нарығына талдау мен болжау бойынша жалған қызметтер ұсынған. Осындай схемамен халықтың 1,8 млрд теңгеден астам қаражаты қолма-қол ақшаға айналдырылып, сыртқа шығарылған.

Халық ақшасы қайда жұмсалған?

Қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары қаражатты өз қажетіне жұмсап, тұрғын үйлер, Астанадан пәтерлер, сондай-ақ HUMMER H2 және Lexus LX570 маркалы қымбат автокөліктер сатып алған. Ұйымдастырушылар мүліктердің барлығын тәркілеуден сақтандыру үшін сенімді адамдарының атына жазған.

Бірақ агенттік сот санкциясымен аталған мүлікке және тұтыну кооперативінің шоттарына тыйым салған.

«Қаржы пирамиданың бас ұйымдастырушысы қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда», – деп хабарлайды агенттік. .

Еске сала кетсек, сәуірде Қаржы мониторингі агенттігі Алматыда істеп келген «Warner Bros», «Roborock», «NFT+TRX» қаржы пирамидаларының жойылғанын хабарлаған болатын. Бұл қаржы пирмидаларының 3,8 млн доллар қаражаты тәркіленген.

Ал мамырда Астанада  Happy Life KZ қаржы пирамидасын құрған әйелге қатысты сот үкімі шыққан болатын. Әйел халықтың 286 млн теңгеден асатын қаражатын иемденгені үшін 5 жылға сотталған.

Сондай-ақ оқыңыз