Алматыда жартылай салынған құрылыс сүріліп жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Алматыда тозған құрылыс нысаны сүріліп жатыр
Алматыда тозған құрылыс нысаны сүріліп жатыр / Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласы, Оңдасынов көшесінде салынған жартылай құрылыс сүріліп жатыр. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Алматыда сот шешімімен Оңдасынов көшесі, 37/12 мекенжайында орналасқан құрылыс нысаны сот орындаушыларының қатысуымен бұзыла бастады», – деп хабарлайды Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасының баспасөз қызметі.

Басқарма мәліметінше, жартылай салынған құрылыс нысаны бірнеше жыл бойы қараусыз қалған. Әкімдік бұл нысанға тексеріс жүргізіп, нәтижесінде құрылыстың қатты тозып, коррозияға ұшырағанын анықтаған. Басқарма мұндай ақауы бар құрылысты жою туралы шешім шығарған.

Бұдан соң құрылыс басқармасы меншік иесіне нұсқама жіберіп, тексеріс барысында анықталған олқылықтарды жоюды талап еткен. Алайда меншік иесі нұсқаманы орындамаған. Ал 2024 жылдың 29 қаңтарында әкімдік Бостандық аудандық сотына мәжбүрлеп орындату туралы талап арыз жолдаған.

«2024 жылы 27 мамырда сот басқарманың талап арызын қанағаттандырды. Содан кейін іс Әділет департаментіне орындауға берілді», – деп хабарлайды әкімдік.

Еске сала кетсек, жыл басында талай жылдан бері құрылысы аяқталмай тұрған осындай бір құрылыс бұзылды. Әл-Фараби даңғылының бойында орналасқан ғимарат көп қабатты пакрингі болуы керек еді. Бірақ сейсмологтар талай жылдан бері аяқталмай тұрған нысанды тексере келе құрылысқа жарамсыз деп тапқан.

Сонымен бірге құрылыс барысындағы ақаулар мен тиісті рұқсатсыз салынғаны үшін қаладағы «Мечта», KHAN, «Алма Гарден», Monblanc сынды бірқатар тұрғын үй кешендері де сүрілген еді.

Сондай-ақ оқыңыз