Ай сайынғы аударым 300 мыңнан асса, ақшаның қайдан түскенін дәлелдеу керек болады

1 маусымнан бастап мобильді аударымдар саны 12 ең төменгі жалақыдан асса тексеріледі. Яғни ай сайынғы мобильді аударымдар 300 мыңнан асса және 3 ай қатарынан осы көлемдегі сомада қаражат аударылып отырса, азаматтар бұл қаражаттың бизнестен түспегенін дәлелдеу керек болады. Бұл туралы Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл айтты.
«Мобильді аударымдар 3 айда 1 млн теңгеден асса тексеріледі. Демек айына небәрі 300 мың. Бұл өте аз ғой. Мәселен, кейбір адамдарды айына 300 мың аударып, туыстары асырап отыруы мүмкін. Сондай жағдайда қарапайым азаматтар не істеуі керек? Олар да тексеріле ме», – деп сұрады журналист.
Қаржы министрлігінің өкілі үш айда аударылған қаражат көлемі 1 млн теңгеден асқан адамдардың барлығын Мемлекеттік кірістер комитеті тексеретінін айтты.
«Мұндай жағдайда бұл аударымдарға қатысты комитеттен сұрақтар туындауы мүмкін. Ондай кезде комитет өкілдеріне бұл ақшаның қайдан түскенін түсіндіруіңіз керек болады. Мұның барлығы бизнесті көлеңкеден шығару үшін жасалып жатыр. Егер сіз адал кәсіпкер болсаңыз, әрі аударымдардың қайдан түскенін дәлелдесеңіз, ешқандай қиындық болмайды», – деді Кеңбейіл.
Айта кетсек, жаңа тәртіп, кәсіпкерлердің көңілінен шықққан жоқ. Олар POS терминалдардың комиссиясы қымбат екенін, сол үшін ақшаны мобильді аударыммен алған өздеріне де, сатып алушы үшін де ыңғайлы әрі тиімді екенін айтуда.
Ал салық органдарының қандай жағдайда тексеретіні туралы ақпаратты мына сілтемеден білуге болады.