
Болашақты жасап жатқан қазақ жастары аз емес. Олар ақпараттық технология, медицина және химия саласында көзге түсті.
Бірі 17 жасында миллионер атанса, екіншісі химия саласында төңкеріс жасады. Үшіншісі ақпараттық технологиялардың жетістігін медицинада қолданып, миллиондаған адамдардың өмірін сақтауға мүмкіндік беріп отыр.
Енді осы үш өренге жеке-жеке тоқтала кеткен жөн болар. Олар болашақты жасап жатқан жаңа дәуірдің қаймақтары десек артық болмайды.
Арлан Рахметжанов
Болашақты жасап жатқан өрендердің бірі – Арлан Рахметжанов. Ол әлі мектепте оқыса да, инвестиция туралы кітаптың авторы атанып отыр. Сонымен қатар Қазақстандағы ірі кәсіпорындардың бірінде тағылымдамадан өткен.
Алматылық оқушы он жасынан ақпараттық технологияларға қатты қызығушылық білдірген. Бала күнінде-ақ мектеп оқушыларына арналған курстарды іріктеу қосымшасын жасап шығарды. Алғашқы аптада оны 1,5 мың адам көшіріп алыпты. Мұнымен тоқтамай тағы да бірнеше сәтті қосымша жасаған. Соның бірі – Hanlan Tech. Ол iOS-қосымша мен веб-сайттарды әзірлеуде қолданылады.
2025 жылы дарынды жасқа Алматы тарлық етіп, Лондонда Nоzоmio атты компания құрады. Содан бағдарламашыларға арналған жасанды интеллект жасауға кіріседі. Бұл стартаптардың үштігіне кіріп отыр. Бес күннің ішінде оған венчурлық қорлар кезекке тұра бастаған.
Осылайша, болашақты жасап жатқан жасөспірім бір күннің ішінде миллион доллар тапқан.
Жобаларын кеңінен қолдануға мүмкіндік алу үшін Сан-Францискода бақ сынап көрмек. Кремний алқабын бағындыруды мұрат етіп отыр.
Арсен Қалиев
16 жастағы Арсен Қалиев жасөспірімдерге арналған бот-психолог жасап шығарған. 10 жасында бағдарламалаумен шұғылданып, осы уақытқа дейін екі стартап жасап шығарыпты. Бұдан бөлек, бірнеше жобаны әзірлеп үлгерген. Бұл оған Гарвард университетінің жазғы стартап-акселераторына өтуге жол ашып берді.
Аталған бот myCareAI деп аталады. Жасөспірімдердің психикасын қорғауға көмектеседі. Күйзелістен, негізсіз алаңдаушылық және күшті жүктемелерден арылуға жәрдем береді. Онымен сөйлесіп, сауал қойып, кеңес алуға, жәй шер тарқатуға да болады. Қазір бұл сервис сынақтан өтіп жатыр. Оны балалар үйіне қосу жоспарланып отыр.
Оның екінші жобасы – CardioAlertBot. Осы арқылы болашақты жасап жатқан жастардың қатарында екенін дәлелдеп отыр. Ол мұны жүрегі ауыратын әжесіне көмектесу үшін қолға алыпты. Жүрек-қан тамыр ауруына шалдыққандар үшін таптырмас құрал болып шықты.
Бот науқастың мәліметтерін талдап, симптомдары байқалмай тұрып-ақ денсаулыққа төнетін қауіпті дер кезінде анықтай алады. Ақпан айында «Дарын» байқауында жүлделі орын алды. Шетелде білім алып, жасанды интеллект саласында жұмыс істегісі келеді.
Санжар Тайжан
Батыс басылымдары Санжар Тайжан жасаған жаңа технологияның электромобиль өндірісінде төңкеріс жасайтыны туралы жабыла жазып жатыр. Ол әзірлеген жаңа полимерлі электролит және анод материалы химия саласын жаңа деңгейге шығарғаны мойындалды.
Электролитті материал жеңіл және көлемі шағын болады. Бұл технология баға, тұрақтылық және қауіпсіздік тұрғысынан артықшылығы жер мен көктей.
Ол – TaiSan негізін қалаушы. Аккумулятордан қуат алатын электромобильдер үшін квази қатты натрий технологиясын дамытуды көздейді. Бұл қазіргі кезде болашақты жасап жатқан сала болып есептеледі. Енді батареялардың құны қазіргідей қымбат болудан қалады.
Былтыр TaiSan «Ең жақсы өсім» марапатын алып, 1,3 млн фунт стерлинг көлемінде қаржы жинаған.
Мұның алдында түркістандық Аман Өтемұратовтың Google компаниясында аға бағдарламалаушы болып жұмыс істеп жүргенін жазған едік.