Инвестициялық қорлар туралы жаңа заң жобасы әзірленді

Жарияланды 3 Маусым 2025 14:20

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Инвестициялық қор
Фото: shutterstock

Елімізде инвестициялық қорлар туралы жаңа заң жобасы әзірленді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен хабарлады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Бағалы қағаздар нарығы департаметінің директоры Дәулетбақ Айдынның сөзінше, соңғы он жылда жеке азаматтар да, бизнес тарапынан да инвестициялық қорға деген қызығушылық артқан. Қазір еліміздің ішкі нарығында 74 инвестициялық қор бар, жалпы көлемі 420 млрд теңгеден асады. Бес жылда ашылған жеке инвестициялық шот саны 4 млн-нан асты.

Былтыр жеке компаниялар мен квазимемлекеттік ұйымдар қор нарығы арқылы 6 трлн теңгеден аса қаржы тартқан. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 58%-ға артты. Акция нарығының капиталы 31,1 трлн теңгеден, ал ұжымдық облигация нарығының көлемі 13,8 трлн теңгеден асты. Қазақстан үшін инвестициялық қор нарығын одан әрі жетілдіру мақсатында Инвестициялық қор туралы заң жобасы әзірленді.

Жаңа заң жобасының қандай артықшылығы бар?

Инвестициялық қор туралы қазір жұмыс істеп тұрған заң жобасы бар. Бірақ жаңа қабылданатын құжатта атап өтерлік жаңа өзгерістер болады.

Біріншіден, инвестициялық қор құрудың формасы кеңейеді. Қолданыстағы заңнама бойынша, инвестициялық қорларды акционерлік және пай нысанында құруға болады. Жаңа заң жобасы жауапкершілікті шектеулі серіктестік және қарапайым серіктестік формасында да құруды ұсынып отыр.

«Бұл капитал көлемі шағын және орта компаниялардың нарыққа кіруіне кедергіні азайтады», – деп түсіндірді басқарма бастығының орынбасары Гильмудинова Рузалия

Екінші атап өтетін нәрсе – халықаралық тәжірибеге сай инвестиция нарығындағы қорлар екі санатқа бөлінетін болады. Олар: бағалы қағаздарға инвестициялау қорлары және баламалы инвестициялау қорлары.

«Біріншісіне тәжірибелі де, тәжірибесі аз біліксіз инвесторлар да қатыса алады. Ал баламалы инвестициялау қорларына тек білікті инвесторлар ғана кіреді алады. Бұл тәжірибесіз инвесторларды қорғап, білікті инвесторлардың мүмкіндіктерін кеңейтеді», – деп түсіндірді Гильмудинова Рузалия

Тағы бір атап өтетін тұсы – заң баламалы инвестициялау қорларының транспаренттілігін арттыруға жұмыс істейді. Қазіргі заңнама бойынша пай және акционерлік инвест қорлар ғана тұтынушылар үшін қажет деген ақпаратты жариялайды. Жаңа заң қордың негізгі әрекетін көрсететін қаржылай есеп тәрізді басқа ақпаратты да жария етуді міндеттейді. Сондай-ақ, инвестициялау қорларын тіркеуді енгізуді де жоспарланып отыр. Агенттік өкілдерінің түсіндіруінше, осы арқылы қор нарығын барынша ашық және ақпаратты қолжетімді ете түседі.

Заң жобасы құжат күйінде Парламент қарауына жіберіледі. Осы жылы мемлекеттік органдармен талқылауды аяқтап, келесі жылдан бастап күшіне енеді деген жоспар бар.

Айта кетейік, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк туралы заң жобасын таныстырған еді. Ол құжат та Парламент қарауында жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз