Банк пен қаржы

Bank RBK мемлекеттен алған көмектің бір бөлігін уақытынан бұрын қайтарады

Банк РБК
RBK Банкі мемлекеттен алған көмекті қайтарады / Фото: shutterstock

Bank RBK акционерлері мемлекеттен алған көмектің бір бөлігін мерзімінен бұрын қайтаруды шешті. Банк қарапайым акциялар бойынша 27,655 млрд теңге көлемінде дивиденд төлеуді жоспарлап отыр.

Оның 66%-ы, яғни 18,252 млрд теңгесі, мемлекетке қайтарылады. Бұл соманы банк үш ай ішінде, яғни тамыз айының соңына дейін өтеуі тиіс. Дивиденд ретінде бір қарапайым акцияға 17,22 теңге төленеді. Төлем 2025 жылғы 10 маусымда басталады.

Еске салайық, 2017 жылы мемлекет тарапынан екінші деңгейлі банктерге көмек ретінде қаржылық тұрақтылықты арттыру бағдарламасы жүргізілді. Оның аясында бірнеше банкке көмек көрсетілген: Еуразиялық банк, Банк ЦентрКредит, Bank RBK, Jusan Bank (Цеснабанк пен АТФБанк мұрагері ретінде). 2020 жылы Нұрбанк те қолдау алды. Ал 2015 жылы Казкоммербанкке көмек көрсетіліп, кейін ол Halyk Bank-ке қосылды.

Осыған дейін «Банк ЦентрКредит» мемлекеттен алған 60 млрд теңге көмектің 10 млрд теңгесін қайтаратынын жариялаған еді.

Банктер ішінде ең көп көмек алған – Jusan Bank. Қаржы ұйымының балансында 859 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау қаражаты бар, оны банк 2045 жылға дейін пайдалануға құқылы. Әзірге, банк оны уақытынан бұрын қайтаруды жоспарлап отырған жоқ.