Республикалық бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан 2 трлн теңге алынды

Жарияланды 3 Маусым 2025 15:10

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Ұлттық қордан қанша қаражат алынды / Фото: ашық дереккөзден

Бір ай ішінде Ұлттық қордың қаражаты 34,73 трлн теңгеден 33,86 трлн теңгеге яғни бір трлн теңгеге азайған. Бұл туралы Қаржы министрлігі жариялаған есепте жазылған.

Жыл басынан бері қорға 1,77 трлн теңге қаржы түскен. Оның ішінде қомақты бөлігі мұнай түсімдеріне тиесілі – 1,7 трлн. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін сатудан 1,08 млрд теңге, республикалық меншікті жекешелендіруден 500 млн теңге түскен.

Мамырда қор қаражатынан 2,6 трлн теңге жұмсалды. Оның ішінде республикалық бюджет тапшылығын жабу үшін 2 трлн теңге кепілдік берілген трансферт бөлінді. Ал ұлттық жобаларды қаржыландыру үшін 620 млрд теңге нысаналы трансферт алынды. Қорды басқаруға және жыл сайынғы сыртқы аудитті жүргізуге байланысты 18 млрд теңге алынған.

Мамыр айында Ұлттық қорға 854 млрд теңге түскен еді. Ал республикалық бюджет тапшылығын жабу үшін 1,6 трлн теңге жұмсалды.

Ұлттық банк сарапшылары, қордан бөлінетін трансферт көлемі артқан сайын елдегі инфляция деңгейі үдей түседі деп есептейді.

Сондай-ақ оқыңыз