Түркістанда дрон шығаратын зауыт салынады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дереккөзден

Түркістанда тікұшақтар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын, жүк тасымалдайтын дрондарды өндіретін жаңа зауыт ашылуы мүмкін. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров инвесторлармен кездесу өткізді.

Шетелдік компания Түркістан облысына шамамен 290 миллион доллар инвестициялауды жоспарлап отыр. Әзірге нақты қандай компания екені хабарланған жоқ. Зауытта 150-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Жаңа зауыттың құрылысы үшін Сауран ауданын ұсынып отыр.

«Біз инвесторға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл – жай ғана жоба емес, болашаққа жасалған қадам. Түркістан облысы жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға мүдделі, мұндай зауыт өңір экономикасына маңызды үлес қосады», – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Компания өкілдерінің дерегінше, кәсіпорында шығарылған дрондар мен арнайы мақсаттағы тікұшақтар логистикада, ауыл шаруашылығында, туризмде, инфрақұрылымды бақылауда және басқа салаларда қолданылады. Заманауи техникалар қала ішіндегі әуе тасымалы, дрондар арқылы тауар жеткізу және жедел көмек көрсету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында пайдалы болмақ.

Айта кетейік, осыған дейін Қызылорда облысында «Қорқыт ата» атты жаңа экономикалық аймақ құрылғанын жазған едік. Ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне жақын 550 гектар аумақта орналасады. Алдағы 25 жылда экономикалық аймаққа 150 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз