Lifestyle

Бағасы қанша: Димаштың Нью-Йорктегі концертіне билет сатыла бастады

Әнші Димаш Құдайбергеннің Нью-Йорктегі концертіне билет сатылып жатыр / фото: MSG
Әнші Димаш Құдайбергеннің Нью-Йорктегі концертіне билет сатылып жатыр / фото: MSG

Әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің Нью-Йорк қаласында 5 қазанда өтетін концертіне билет сатыла бастады. Бұл туралы концерт өтетін орын – Madison Square Garden хабарлады.

«Димаш Құдайбергеннің The Garden-де 5 қазанда өтетін концертіне билет сатылып жатыр», – деп жазды MSG концерт залы X әлеуметтік желісіне.

Димаштың концертіне билет сататын платформа – Ticketmaster мәліметінше, ең арзан билет 66 доллар тұрады. Ең қымбат билет – 2744 доллар.

Madison Square Garden залы 20 мың адамға арналған. Мұнда көбіне спорт жарыстары немесе концерт өтеді. Мұнда кезінде The Beatles, Элтон Джон, Билли Джоэл, Мадонна, U2 және басқа да әлем жұлдыздарының концерті өткен. NSG бір жылда шамамен 200 концерт ұйымдастырады.

Dimash Qudaibergen Манхеттендегі концерт залында Stranger шоу-бағдарламасын ұсынады. Қазақ әншісінің Stranger концерт туры 2022 жылғы 23 қыркүйекте Алматыда басталған. Шоуда жеті – қазақ, ағылшын, орыс, француз, қытай, итальян, испан тілдерінде ән шырқалады.

Димаш АҚШ-та концерт беретінін мамырдың аяғында Алматы қаласында жанкүйерлермен кездесу кезінде жариялаған.

Ол алғаш рет Нью-Йорк қаласында 2019 жылғы 10 желтоқсанда концерт өткізген. Сол кезде Димаштың шоуы Barclays Center залында өткен. Эстрада жұлдызы жергілікті әнсүйер қауымға «Arnau» концерттің бағдарламасын ұсынған.

Жақында Алматыда швейцариялық Эстер Ульманның Димашқа арнаған кітабының тұсаукесері өтті. Қазақ және ағылшын тілдерінде шығарма «Димаш және Қазақстан: менің өмірімді қалай өзгертті» деп аталады.