Қазақстанға жеткізілуі тиіс керқұлан қашып, Прагада қозғалысты бөгеді

Жарияланды 3 Маусым 2025 14:17

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Бостандыққа қашқан керқұлан  Чехия астанасында жол қозғалысын бөгеді / фото: Prague Morning
Бостандыққа қашқан керқұлан Чехия астанасында жол қозғалысын бөгеді / фото: Prague Morning

Чехиядан Қазақстанға жеткізілуі тиіс төрт керқұланның бірі әуежайға бара жатқан жолда қашып шығып, Прагадағы жол қозғалысы бір сағатқа жабылды. Бұл туралы Prague Morning хабарлайды.

Басылым мәліметінше, оқиға дүйсенбі күні астанадағы «Қара көпір» сауда орталығы маңында болған. Жүріп бара жатқан көліктен секіріп кеткен керқұлан Прага қаласында айналма жолдағы қозғалысты бір сағатқа тежеген.

Қала билігіне Виски атты керқұланды ұстау үшін көп тер төгуге тура келген. Тіпті жабайы жылқыға қан қысымын қалпына келтіретін дәрі беруге мәжбүр болған.

«Біз керқұландарды Кбели әуежайына апара жатқан уақытта, Виски темір тордан босап шығып, көліктен секіріп кетті. Оны жолда қуып ұстауға тура келді. Оған қан қысымын реттейтін дәрі бердік. Құланды хайуанаттар бағына кері қайтарады», – дейді зоопарк директоры Мирослав Бобек.

Құтқарушылар Пржевальский жылқысын қуып жүргенде әуежайға баратын жолды уақытша жабуға тура келді. Қалған үш керқұлан әуежайға аман-есен жеткізілді, ал Виски «үйіне» қайта оралды.

Прага хайуанаттар бағы Пржевальский жылқыларын көбейтуге үлес қосып жүр. Мұнда керқұландар 1932 жылдан бері өсіріледі. 2011 жылдан бері бұл мекеме оларды байырғы отаны – Қазақстан мен Моңғолияға қайтарып жүр.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы Чехия Қазақстанға сегіз Пржевальский жылқысын жеткізген. Керқұландарды сақтау мақсатында 40 жабайы жылқыны елге әкелу жоспарда бар.

Сондай-ақ оқыңыз