Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы 30%-ға дейін арзандайды – вице-министр

Қазақстанда дәрі-дәрмектің бағасы 30%-ға арзандауы мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев мәлімдеді.
Вице-министр дәрі-дәрмектерге баға белгілеу моделі өзгергенін айтады. Атап айтқанда, шекті бағаларға қосылатын бірқатар үстемеақылар – соның ішінде маркетингтік, көлік және кедендік шығындарға қатысты үстемеақылар алынып тасталған.
«Қазіргі таңда жалғыз ғана үстемеақы қалды – ол өндіруші зауыттың құнына қосылатын үстемеақы. Бұл үлгі сынақтан өткенін ескере отырып, 1 шілдеге дейін Қазақстан аумағында тіркелген барлық дәрі-дәрмектерге қайта есептеу жүргізіледі. Қазіргі уақытта фармацевтикалық қоғамдастықпен осы үлгіні сынақтан өткізу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Біз дәрі-дәрмектердің бағасы ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) және МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) аясында шамамен 19%-ға, ал көтерме-бөлшек сауда саласында шамамен 30%-ға төмендейді деп болжап отырмыз», – деді Ержан Нұрлыбаев ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Вице-министрі Ержан Нұрлыбаев дәрі-дәрмек құнына байланысты жыл басында да мәлімдеме жасаған еді. Ол уақытта шенеунік 10-25%-ға дейін арзандайды деп болжаған болатын.
Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстанда отандық фармацевтикалық өнім өндіру көлемі 22%-ға ұлғайды. Былтыр отандық дәрі өндірісінің үлесі 171,6 млрд теңгеге ұлғайған. Бұған қоса кейінгі 7 жылда осы салаға тартылған инвестиция көлемі 9,5%-ға артқан.