
Қазақстандық кәсіпорындар биыл төрт ай ішінде 9 трлн теңгенің тауарын шығарды. Осылайша өңдеу өнеркәсібі 7,2%-ға өсіп, отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаты артты. Ал импортқа тәуелділік көрсеткішінің төмендегені байқалады. Мұндай мәліметтерді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында айтты.
Өңдеу өнеркәсібіндегі ең жоғары өсім машина жасау (111,2%), химия өнеркәсібі (111,2%), құрылыс индустриясы (112,9%) және жиһаз өндірісі (114,8%) салаларында байқалды. Сонымен қатар металлургия, электрондық және жеңіл өнеркәсіп салаларында да оң динамика қалыптасып отыр.
Ерсайын Нағаспаев отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында маңызды бастамаларын атап өтті:
- Реттелетін сатып алулар аясында отандық өнімге басымдық беру;
- Ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімдер жүйесін енгізу және кеңейту;
- Дайын өндіріс алаңдарын дамыту арқылы кәсіпкерлерге қолайлы инфрақұрылым ұсыну;
- Заңнамалық өзгерістерді енгізу арқылы отандық өндірушілердің құқықтарын қорғау;
- Отандық тауар өндірушілердің тізілімін іске қосу арқылы оларды мемлекеттік сатып алуға белсенді тарту.
Министр жыл басынан өңдеу саласында импорт үлесі төмендеп, отандық өндіріс көлемі ұлғайғанын айтады.
2025 жылдың мамыр айында Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібінің іскерлік белсенділік индексі (PMI) 51,3 пунктті құрады. Көрсеткіш сәуірдегі 51,2 мәнімен шамалас. Freedom Holding Corp. мен S&P Global бірлесе әзірленген сауалнамасындағы ақпаратқа сенсек, бұл көрсеткіш сектордағы іскерлік ахуалдың 15 ай қатарынан біртіндеп жақсарып келе жатқанын білдіреді. Алайда өсім сапасы мен қарқыны туралы мәліметтер жақын арада бұл оң динамиканың тежелуі мүмкін екенін аңғартады.