Сенаторлар құрылыс компанияларына қойылатын талапты күшейтуді ұсынды

Елімізде үлестік тұрғын үй құрылысы бойынша құрылыс салушыларға қойылатын талаптар қатаңдауы мүмкін. Мұндай ұсынысты үлестік құрылыс саласындағы бақылауды күшейтуге бағытталған заң жобасы қарау барысында Сенат депутаттары ұсынды.
Құжат қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізуді көздейді. Атап айтқанда, үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат алынбаған құрылыс нысандарын жарнамалауға тыйым салу ұсынылуда. Сонымен қатар, жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерді сатып алу кезінде қолма-қол емес есеп айырысуды міндетті ету қарастырылған.
Бұдан бөлек, құрылыс мерзімін ұзарту уақыты 9 айдан 5 айға дейін қысқартылып, құрылыс салушыларға қойылатын талаптар реттелетін жаңа жағдайларға сай нақтыланады. Азаматтардың ақпарат алу мүмкіндігін арттыру мақсатында үлескерлерді қолдау орталығын құру ұсынылып отыр. Бұл орталықтан әлеуетті сатып алушылар құрылыс салушылар жөнінде кеңес пен нақты ақпарат ала алады.
Заң жобасы тек тұрғын үй құрылысы саласымен ғана шектелмей, жол инфрақұрылымын дамыту және мүмкіндігі шектеулі адамдарға әлеуметтік қызмет көрсету мәселелерін де қамтиды. Атап айтқанда, жол саласы бойынша технологиялар мен материалдарға арналған бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу, мамандарға қойылатын біліктілік талаптарын күшейту, сондай-ақ әлеуметтік қызметтер порталы арқылы инватакси қызметінің қолжетімділігін кеңейту көзделген.
Сенаторлардың пікірінше, ұсынылып отырған шараларды іске асыру үлестік құрылыс саласындағы мәмілелердің ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыруға, жолдардың сапасын жақсартуға және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Заң жобасы Сенат палатасына одан әрі қарауға жолданды.
Айта кетейік, 2017 жылдан бері «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» 252 құрылыс компаниясына 1,2 трлн теңгеге кепілдік берген. Соның нәтижесінде 68 мыңнан астам үлескердің қаражаты қорғалды.