Алмасбек Садырбаевтың қай жерде қамауда отырғаны айтылды

«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алмасбек Садырбаев қазір тергеу изоляторында отыр. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеуді Алматы облысы прокуратурасы жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.
«Алаяқтық» бабы бойынша тергеу жүріп жатыр
Прокуратураның ресми сауалға берген жауабында Садырбаевқа қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқаны айтылған. Істе Садырбайдан басқа да тұлғалардың бар екені белгілі, алайда тағы қанша адамның күдікке ілінгені нақтыланбады.
Тергеу изоляторында отыр
Алмасбек Садырбаев қазір Алматы және Жетісу облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты тергеу изоляторында қамауда отыр.
Не үшін ұсталды?
Алмасбек Садырбаев 2024 жылдың қарашасында ұсталған. Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, Садырбай Балқаш, Еңбекшіқазақ, Райымбек, Ұйғыр және Кеген аудандарында шаруа қожалықтарымен бірлесіп кооператив құрған. Уақ малдың аналық басын көбейтуге және жемшөп шығындарын өтеуге субсидиялар алған. Алайда ол кооперативке қосқан қожалықтардың жайылымдық жері болмаған.
Дей тұрғанмен кооператив басшылығы атынан жалған кадастрлық нөмірді көрсетіп, субсидияға өтініш бере алғаны айтылды. Қашықтан өтініш бергенде кооператив басшылығының ЭЦҚ-кілттерін қолданған.
Оның өтініші мақұлданып, мемлекеттен 1,2 млрд теңге көлемінде субсидия ала алғаны айтылды.
Содан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия бөлу мәселесімен 2023 жылдан облыстық әкімдіктер айналысатынын жеткізді.
Алмасбек Садырбаев кім?
Алмасбек Садырбаев ауыл шаруашылығы саласындағы белсенді, «Шопан-aтa» Қазақстан қой өсірушілер Ұлттық қауымдастығының төрағасы қызметін атқарған.