«Рақымшылық бәріне жасалуы керек»: жаңа заң жобасына Айман Омарованың көңілі толмайды

Депутаттар Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасын қарауға кірісті. Олардың айтуынша, рақымшылық 15 мыңға жуық адамға қатысты болуы мүмкін. Алайда адвокаттар заң жобасының кемшін тұстары бар екенін, жан-жақты талдау жүргізілмегенін айтады.
KursivMedia тілшісі депуаттар мен адвокаттардың пікірін білді, сондай-ақ заң жобасы кімдерге бағытталғанын топтастырды.
15 мың адам рақымшылыққа ілігеді
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақтың сөзінше, алдын ала есеп бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырған шамамен 632 адам, пробациялық есепте тұрған 3,5 мың адам рақымшылыққа ілігеді.
«Бас бостандығынан айыру орындарындағы 5,4 сотталған адамға және пробация есебінде тұрған 5,5 адамға жазаның өтелмеген мерзімін саралап қысқарту қолданылады. Жаза мерзімін қысқарту жалпы 11 мың адамды қамтиды. Соның ішінде 833 әйелге қатысты рақымшылық жасалуы мүмкін. 109 әйел босатылады, 724 әйелдің жаза мерзімі қысқартылады», – дейді Үнзила Шапақ мәжіліс кулуарында.
Депутат Абзал Құспанның айтуынша, рақымшылық жасалатындар тізіміне сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін сотталғандар және қоғамға қауіп төндіретіндер кірмейді.
Депутат Снежанна Имашеваның айтуынша, рақымшылыққа кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған балалары бар аналар, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер, сондай-ақ зейнеткерлер мен оларға теңестірілген азаматтар ілігуі мүмкін.
Адвокаттар алқасының көңілі толмай отыр
Алайда республикалық адвокаттар алқасы заң жобасына көңілі толмайтынын мәлімдеді. Адвокаттар алқасы ресми хабарлама таратып, заң жобасындағы 4-бап (төменде толығырақ көрсетілген – ред.) қылмыстық құрамдардың елеулі бөлігін қамтитынын, алайда бұл рақымшылық қолданылатын адамдар қатарын шектейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ мұның жай ресми сипатта қалатынын, қоғам күткен әлеуметтік өзгеріс болмауы мүмкін екенін жеткізді.
«Заң жобасында абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтарға арнайы көзқарастың қарастырылмауына ерекше назар аудару қажет. Мұндай іс-әрекеттер, әдетте, жеңіл немесе орташа ауырлықтағы санатқа жататындықтан, ресми түрде рақымшылыққа ілігетіндей болып көрінгенімен, 4-баптың құрылымында олар жеке дара бөлінбеген. Сол себепті олар іс жүзінде назардан тыс қалып отыр», – делінген ақпаратта.
Абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар өз мәні жағынан қасақана жасалған әрекеттерден ерекшеленеді. Олар зұлым ниетсіз, пайдакүнемдік себепсіз және зиян келтіру ниетінсіз жасалады. Көп жағдайда мәселе бақылаудың әлсіздігі, немқұрайлылық немесе жағдайды дұрыс бағаламау салдарынан туындайды. Дәл осындай кінә нысаны қасақана жасалған әрекеттермен салыстырғанда қоғамға төндіретін қаупі мен кінәсінің дәрежесі әлдеқайда төмен.
Адвокаттар алқасы абайсызда жасалған әрекеттер неғұрлым ауыр қасақана құқық бұзушылықтармен теңестірілгенін, жеке қарастырылмағанына наразы.
1 млн теңге қарызы бар адам рақымшылыққа ілінбей ме?
Ұлттық құрылтай мүшесі, заңгер Айман Омарованың айтуынша, заң жобасында рақымшылық қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдарға қолданылады деп көрсетілген.
«Залал келтіруге әкеп соқпаған не оны толық өтеген немесе ол бойынша азаматтық талап арыз қойылмаған, ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық жасалады; Егер ауыр қылмыс болса, 1/5 бөлігі; аса ауыр қылмыс болса 1/6 бөлігі қысқартылады екен. Мұны рақымшылық деп айтуға аузым бармай тұр. Ауырлығы орта қылмыс бойынша жазасын өтеп жатқандар аз, көбі ауыр әрі аса ауыр қылмыс бойынша отыр. Бұл – бір. Екіншіден, заң жобасында «талап арыз өтелсе» деп көрсетілген. Кей істе миллиондаған сома көрсетіледі. Түрмеде отырған адам оны қалай өтейді? Кей адамда 1 млн теңге талап арыз болуы мүмкін. Сонда 1 млн теңгені төлей алмаған адам рақымшылыққа ілінбей ме? Бұл рақымшылыққа жатпайды», – дейді Айман Омарова.
Айтуынша, құжатта ұйымдасқан қылмыстық топ ішінде сотталғандарға рақымшылық қарастырылмаған.
«Қылмыстық істе екі адам болса «топтасты, ұйымдасты» деп соттайды. Олар бір-бірімен келісім жасамаған болуы да мүмкін. Заң жобасы түрмеде отырғандарды ішінара босатып, орын босатуға бағытталған. Әйелдер баласымен бірге отыратын «Жауғашты» түрмесінде 550 әйелге лайықталған, сол жерде 650 әйел жазасын өтеп жатыр. Бұл тізімге балаларды қосып отырған жоқпын. Бұл соттан шыққан былықтар. Соттың дескрипциясы деген бар. Мерзімінен бұрын босап шығатын уақыт келген сотталғандар өтінішпен жүгінген кезде соттар оларды шығармай отыр. Салдарынан түрмелердің бәрі толып кеткен. Жүйе ішінен шіріп жатыр, сыртын сипап қою мақсатында орын босату үшін өтірік рақымшылық жасағалы тұр», – деді Омарова.
Заңгер рақымшылықты бөліп-жарып жасауға болмайтынын айтады.
«Біз оларды қылмыскер емес деп тұрған жоқпыз, бірақ рақымшылық сотталғандардың бәріне жасалуы керек. Әрине, бәрін босатпаса да женілдету керек. Тек педофилдер, террористер (адам қаза тапса), Отанға опасыздық жасағандарға рақымшылық берудің қажеті жоқ», – деп түйіндеді Айман Омарова.
Кімдерге рақымшылық жасалады?
Заң жобасында қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасаған сотталғандарды, оның ішінде азаматтардың әлеуметтік жағынан осал санаттарын: кәмелетке толмағандарды, кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерді, сондай-ақ жүкті әйелдерді, зейнеткерлерді, мүгедектерді және басқаларды босату ұсынылады.
Сондай-ақ Заң жобасында ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың жаза мерзімін қысқарту көзделген.
- Қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босатылады:
- қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар;
- залал келтіруге әкеп соқпаған не оны толық өтеген немесе ол бойынша азаматтық талап қойылмаған ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдар;
- залалдың немесе азаматтық талап қоюдың бар-жоғына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыстар жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдар.
Кімдердің жаза мерзімі қысқарады?
Әлеуметтік жағынан осал топқа жататын сотталған адамның жазасының негізгі өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімі қысқаратын жағдайлар бар. Бұл жағдайда ауыр қылмыстар бойынша – 1/3 бөлігі;
- аса ауыр қылмыстар бойынша 1/4 бөлігі қысқартылады.
- Әлеуметтік жағынан осал топтағы адамдарды қоспағанда жазасын өтеп жатқан адамдарға қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтірілген залалды және өздеріне қойылған талапты толық өтеген негізгі жазасының өтелмеген мерзімі қысқарады. Бұл жағдайда ауыр қылмыстар бойынша – 1/3 бөлігі;
- аса ауыр қылмыстар бойынша 1/4 бөлігі қысқартылады.
Кімдерге рақымшылық жасалмайды?
Заң жобасына сәйкес, рақымшылық жасау қолданылмайтын адамдардың тізімі көрсетілген. Олар:
- сыбайлас жемқорлық қылмыстар;
- террористік қылмыстар жасаған;
- экстремистік қылмыстар не экстремизм белгілері бар қылмыстар жасаған;
- азаптаулар жасаған;
- қылмыстардың қайталануы немесе қауiптi қайталануы кезінде жаза тағайындалған;
- өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған, сондай-ақ өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалған;
- қылмыстық топ, ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғамдастық, трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық, террористік топ, экстремистік топ, банда құрамында қылмыстар жасаған;
- жазасын өтеу кезінде қасақана қылмыстар жасаған;
- кісі өлтіргені үшін сотталғандар;
- өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу;
- денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру; денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтiру;
- азаптау;
- адамның органдары мен тінін алуға мәжбүр ету немесе заңсыз алу;
- адамның иммун тапшылығы вирусын (ВИЧ/ЖҚТБ) жұқтыруы;
- заңсыз аборт жасау;
- зорлау;
- 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынаста болу және нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттер;
- әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру;
- мемлекеттік опасыздық; шпионаж;
Толық тізімді заң жобасының 4-бабынан көруге болады.