Құрбандық етін басқа дін өкілдеріне үлестіруге рұқсат беріле ме

Құрбандыққа шалынған малдың етін үшке бөліп таратуға болады. Бұл туралы Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Орталық мешіттің наиб-имамы Тимур Алиев айтты.
Дін қызметкерінің сөзінше, құрбандық малының бір бөлігін өз отбасына, екінші бөлігін туыстарына, үшінші бөлігін көршілеріне немесе мұқтаж жандарға берсе болады.
«Біз мына нәрсені білуіміз керек. Бұл жердегі мақсат – қан шығару. Алла тағала құранда «құрбандықтың еті де, қаны да керек емес, тек сендердің жүректеріңдегі ниетттерің керек» деп айтады. Ал ниет амалдармен көрінеді. Осы ретте басқа дін өкілдеріне ет беруге рұқсат етіледі. Ол құпталған нәрсе», – деді ол.
Аталған жиында Тимур Алиев несие алып құрбан шалу дұрыс еместігін айтқан. Оның сөзінше, Ислам дінінде құрбан шалу, қажылық сапар жасау сияқты амалдарды тек мүмкіндігі бар адамдарға жасау міндеттеледі.
Сондай-ақ жиында Алматының жеті ауданында үлкен мешіттерге жақын жерде құрбан шалатын 12 арнаулы орын ашылғаны хабарланды.
Құрбан айт мейрамы биыл 6, 7 және 8 маусым күндеріне сәйкес келеді.