Несие алып құрбан шалуға бола ма

Алматыдағы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте құрбан шалу төңірегіндегі сұрақтарға жауап берілді.
Алматы орталық мешітінің наиб-имамы Тимур Алиев «несие алып құрбан шалуға бола ма» деген сауалға жауап берді.
Ол ислам діні өте қарапайым екенін, оны адамдардың өзі қиындататынын айтып, шариғатта адамның мүмкіндігінен тыс нәрселер артылмайтынын атап өтті.
«Егер адамның құрбан шалуға мүмкіндігі болмаса, ол бұл үшін сұралмайды. Бұл құрбан шалуға да, қажылыққа да қатысты. Исламда физикалық, материалдық мүмкіндік болған жағдайда ғана қажылық пен құрбан шалу міндетті деген қағида бар. Қазір адамдардың кіші қажылыққа несие, қарыз алып барып жатқаны дұрыс емес. Бұл шариғат талаптарына сай емес, – деді Тимур Алиев.
Сондай-ақ жиында Алматының жеті ауданында үлкен мешіттерге жақын жерде құрбан шалатын 12 арнаулы орын ашылғаны айтылды.
Алматы қаласы бас имамының айтуынша, арнаулы орындар таза, шариғат нормаларына сай келеді. Діни рәсімді мешіттің қызметкерлері бақылап отырады. 56 мешітте мұздатқыш орнатылып, етті тоңазытатын көліктер де қойылмақ. Қала тұрғындары шалған құрбандығын жақын маңдағы мешітке апарып, қайырымдылыққа арнаса да болады.
Құрбан айт мейрамы биыл 6, 7 және 8 маусым күндеріне сәйкес келеді.