Қызмет көрсету секторы кейінгі үш жылдағы ең жоғары өсім қарқынын байқатты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
қызмет көрсету
Қызмет көрсету секторында өсім байқалды / Фото: shutterstock.com, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мамыр айында Қазақстанның қызмет көрсету саласы соңғы үш жылдағы ең жоғары өсім қарқынын көрсетті. Алайда бизнес арасындағы сенім төмендеп, жұмыс орындары қысқарған.

Freedom Holding Corp. және S&P Global компаниялары бірлесіп дайындаған PMI® индексіне сәйкес, мамырда қызмет көрсету секторының іскери белсенділік индексі 54,3-ке жетті. Бұл 2022 жылдың шілдесінен бергі ең жоғары көрсеткіш және іскерлік айтарлықтай жанданғанын білдіреді (Индекс 50-ден асса, өсім бар деген сөз).

Жаңа тапсырыстар өскен

Саладағы өсімнің негізгі драйвері – жаңа тапсырыс көлемінің артуы. Жеті ай қатарынан ұлғайған бұл көрсеткіш, сауалнама тарихындағы ең жоғары нәтижелердің бірі болды. Компаниялар өсімді маркетинг және туристер ағынымен байланыстырып отыр.

Ал жұмысшылар неге қысқарып жатыр?

Іскерлік белсенділіктің өскеніне қарамастан, қызмет көрсетуші компаниялардың үш ай қатарынан жұмысшылары қысқарып жатыр. Сарапшылар мұны бизнес оптимизмінің әлсіреуімен байланыстырады.

Респонденттердің жартысына жуығы келесі 12 айда іскерлік көлем артады деп үміттенсе, тек 13%-ы қысқарады деп санайды. Алайда бұл – соңғы алты айдағы ең төменгі сенім көрсеткіші.


«Сектордағы белсенділікке жаңа келісімшарттар мен ішкі сұраныстың тұрақтылығы әсер етті. Бірақ салық реформасы, валюта бағамының құбылуы және инфляциялық қысым бизнеске белгісіздік әкеліп, жұмыс күшін арттыруға деген ынтаны төмендетіп отыр», – деді Freedom Finance Global қаржылық талдау директоры Ерлан Әбдікәрімов.

Баға мен инфляция қысымы

Мамырда компаниялар өндірістік шығындардың өсуін атап өтті. Бұл, ең алдымен, энергия бағасының қымбаттауы мен доллар/рубль бағамының теріс әсерімен байланысты. Дегенмен инфляциялық қысым біршама бәсеңдеп, дайын өнім бағасының өсу қарқынын баяулатуға мүмкіндік берді.

Аралас PMI индексі (қызмет пен өндіріс секторының біріктірілген көрсеткіші) мамырда 53,0-ге жетіп, 2023 жылғы мамырдан бергі ең жоғары мәнге ие болды. Қызмет көрсету саласы айқын өссе, өндіріс секторы шектеулі ғана өсім көрсетті. Алайда секторлардағы кадрлық саясатқа сақтық басым.

Ал өңдеу өнеркәсібінде жаңа тапсырыстар артқанымен, өндіріс қарқыны төмендеген.

Сондай-ақ оқыңыз