Қарызға батқан ҚТЖ былтыр 161 млрд теңге пайда тапқан

2024 жылы «Қазақстан темір жолы» компаниясының қарызы 851,9 млрд теңгеден 1,36 трлн теңгеге дейін жетті. Сонымен қатар облигациялық қарыздың құны 1,29 трлн теңгені құрады. Осылайша, «ҚТЖ»-ның жалпы қарызы 2,65 трлн теңге болып, алдыңғы жылғы 2,1 трлн теңгемен салыстырғанда, айтарлықтай артқан. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланған қаржы есебінде жазылған.
Десе де былтыр «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 160,8 млрд теңге көлемінде таза пайда тапқан. Бұл көрсеткіш 2023 жылғы нәтижеден 17,5%-ға жоғары. Компанияның 2023 жылғы пайдасы 136,7 млрд теңгені құраған. ҚТЖ-ның қаржы есебі Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланды.
Компанияның жылдық түсімі 2,16 трлн теңгеге жеткен Оның 1,87 трлн теңге жүк тасымалынан түскен. Жолаушылар тасымалы 110,5 млрд теңге әкелсе, мемлекеттік субсидия ретінде 41,1 млрд теңге алды.
Қазіргі кезде компания меншігінде жалпы құны 5,9 трлн теңгенің активі бар. Ал меншікті капиталы 2 трлн теңгеге жуықтады, Міндеттемесі де бір жылда төрттен бір есе өсіп, 3,98 трлн теңгеге жетті.
Бұл ретте Жоғары аудиторлық палата да компания тиімсіз басқару салдарынан қиын жағдайға тап болғанын атап өткен болатын. Палата төрағасы Әлихан Смайылов ҚТЖ теміржол операторы өз міндеттемелерін төлей алмай, дефолттың аз-ақ алдында тұрғанын мәлімдеген.
Биыл үкімет ҚТЖ-ның 20% акциясын биржада саудаға шығармақ.