«Бозашы-Мұнайдың» иесі Мұрат Сафин сақтандыру компаниясының ірі акционері атанды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Мұрат Сафин қызының сақтандыру компаиясының ірі акционері атанды /Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Кәсіпкер Мұрат Сафин иелік ететін «Бозашы-Мұнай» компаниясы «ТрансОйл» сақтандыру ұйымының ірі қатысушысы атанды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі аталған компанияға «ірі қатысушы мәртебесін иеленуге» ресми түрде рұқсат берді.

Сонымен қатар Мұрат Сафиннің өзі де осы компанияның ірі (жанама) қатысушысы ретінде тіркелді.

Қазіргі кезде «ТрансОйл» сақтандыру компаниясының негізгі акционері ретінде Мұрат Сафиннің қызы — Мадина Сафина көрсетілген. Ол компания акцияларының 89%-ына иелік етеді. Ал қалған 9,81%-ы «Бозашы-Мұнай» компаниясына тиесілі. Жеке акционерлердің үлесі 1,19%-ды құрайды.

Алайда қазіргі таңда «ТрансОйл» компаниясының нарықтағы жағдайы аса тұрақты емес. 2025 жылғы 1 сәуірдегі деректерге сәйкес, оның жалпы активі 7,2 млрд теңгені құраса, сол кезеңдегі таза шығыны 378 млн теңгеге жеткен. Компания жалпы сақтандыру нарығында жұмыс істейтін 15 ұйымның ішінде ең соңғы, яғни 15-орында тұр. Нарықтағы үлесі небәрі 0,5%-ды ғана құрайды.

Айта кету керек, Мұрат Сафин – Қазақстандағы мұнай және газ саласындағы ықпалды кәсіпкерлердің бірі. Forbes Kazakhstan мәліметінше, 2013 жылы елдегі ең бай 50 адамның қатарына кіріп, оның байлығы 82 млн долларға бағаланған. Оның активтері қатарына «Атыраумұнайгазгеология», «КаспийМұнай» және «БозашыМұнай» компаниясы кіреді.

«Бозашы Мұнай» компаниясы Маңғыстау облысындағы Шығыс Қаратұрын кен орнында мұнай өндіреді. Былтыр кен орнындағы 6 айға созылған өрт үшін компанияға 2,3 млрд теңге айыппұл салынды. Наурыз айында компания мемлекетке барлық шығынды толық өтеген.

Сондай-ақ оқыңыз