Ұлттық компаниялардың топ-менеджерлері артығымен алған сыйақы қазынаға қайта ма

Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) биыл «Самұрық-Қазына», «Қазатомөнеркәсіп» және KEGOC ұлттық компанияларында аудит жүргізеді Аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов тексеріс барысында қаржы тиімсіз жұмсалғаны топ-менеджерлері негізсіз сыйақы алғаны анықталса, іс қозғалатынын айтты.
Журналистер Мәжіліс кулуарында палата төрағасынан ұлттық компания менеджерлері сыйақыны артығымен алғаны анықталса, қаржы мемлекет қазынасына қайтарыла ма деп сұрады.
«Егер осындай деректер анықталса, ол туралы компания басшылығына ескерту жібереміз», – деді Смайылов.
ЖАП дерегінше, 2024 жылы мемлекеттік аудиттерден кейін бірнеше қылмыстық іс қозғалған.
Жақында «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының коммерция бойынша бұрынғы бас директоры 4,5 жылға сотталды. Ол мемлекетке 16,5 млрд теңге шығын келтірген.
Сонымен бірге Смайылов елдің фармацевтика нарығына 1,2 трлн теңге қаржы жұмсалғанын, бірақ салада нақты жетістік аз екенін айтқан еді. Осындай қаражат бөлінгеніне қарамастан елде соңғы 10 жылда небәрі 2 дәрі шығарылып тіркеуден өткен.