Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев 11 жылға сотталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Vladimir Pirogov/Reuters

Бішкектегі Бірінші Май аудандық соты Қой-Таш оқиғасына қатысты атышулы іс бойынша үкім шығарды. Бұл іс бес жылдан астам уақыт бойы қаралып келген еді.

Kaktus.media мәліметінше, басты айыпталушы — Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот оның барлық мемлекеттік марапаттарын тартып алып, мүлкін тәркілеуге шешім шығарды.

Сот Әзірет Медееров Атамбаев пен бұрынғы вице-премьер Аскарбек Шадиевті мемлекетке 5,4 млрд сом көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді. Шадиев 15 жыл 6 айға сотталып, оның да мүлкі тәркіленеді.

Басқа айыпталушылар да түрлі мерзімге сотталды. Фарид Ниязов пен Равшан Жээнбеков 7 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылып, бірден қамауға алынды. Ал экс-президенттің бұрынғы күзет бастығы Канат Сағымбаев 7 жарым жылға сотталды, бірақ оған бес жылға пробациялық бақылау белгіленіп, түрмеден босатылды.

Бірқатар сотталушыларға пробациялық бақылау тағайындалса, кейбіреулері қылмыстық істің мерзімі өтіп кеткендіктен жазадан босатылды.

Осылайша, 2019 жылдың жазында Қой-Таш ауылындағы резиденциясында Атамбаевты ұстауға әрекет жасалғаннан кейін басталған, Қырғызстандағы соңғы жылдардағы ең резонансты саяси сот істерінің бірі аяқталды.

Алмазбек Атамбаев бірнеше қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылды. Олардың ішінде Қой-Таш ауылынан жер телімдерін заңсыз алу, Бішкек ЖЭО-ын жаңғырту кезіндегі жемқорлық және 2019 жылдың 7–8 тамыз күндері орын алған жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру айыптары бар.

Бұған дейін «Курсив» Атамбаевтың қылмыстық топ жетекшісі Азиз Батукаевты заңсыз босату ісі бойынша сырттай кінәлі деп танылғанын жазған еді.

2020 жылдың жазында сот Атамбаевты 11 жыл 2 айға соттап, мүлкін тәркілеуге үкім шығарған еді. Бірақ сол жылдың қазан айында жаппай наразылықтардан кейін ол уақытша тергеу изоляторынан босатылып, бірнеше күннен соң қайта тұтқындалды. Атамбаев үйқамақта отырды, алайда қараша айында бұл іс бойынша үкімнің күші жойылды.

Ол 3,5 жыл қамауда болған соң бостандыққа шығып, екінші үкімі де жойылды. Бостандыққа шыққаннан кейін елден кетіп, Испанияға қоныс аударды.

Айта кетейік, Алмазбек Атамбаев Қырғызстан президенті қызметін 2011 жылдан 2017 жылға дейін атқарған. Сондай-ақ екі мәрте премьер-министр болған. 2017 жылы оған «Қырғыз Республикасының Батыры» атағы берілген.

Сондай-ақ оқыңыз