Емханалар тегін берілген дәрілерді есептен шығарып, дәріханаларға сатады – Смайылов

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Минздрав попросили не забалтывать депутатов и объяснить цены на лекарства в Казахстане
Смайылов емханалардың сұр схемалар арқылы қымбат дәрілерді есептен шығаратынын айтты / Фото: Аскар Ахметуллин

Емханаларға халықты тегін емдеу үшін берілетін дәрілер нарықтың бағадан 633%-қымбатқа сатып алынады. Кейін дәрілерді есептен шығарып, қарапайым дәріханаларда айтарлықтай арзанға сатылады. Бұл мәселе бүгін, 4 маусымда Мәжілісте талқыланды.

600%-ға қымбат

Депутат Марат Башимов неге СК «Фармация» дәрілерді нарықтық бағасынан қымбатқа сатып алатынын сұрап, аудиторлардың деректеріне сүйене отырып, бірнеше мысалдар келтірді.

«Аудиторлардың мәліметінше, СК «Фармация» емханаларға сатып алатын 115 түрлі дәрі 30%-дан артық қымбатқа сатып алынған. Мәселен «Стелара» дәрісінің 1 дана ерітіндісін компания 1 008 000 теңгеге сатып алған. Ал дәріханалардағы бұл препараттың бағасы 137 500 теңгені құрайды. Баға 633%-ға өсіп отыр. Бұл фармацевтикалық қылмыстық топ емес пе? Бұл министрліктің дәрі-дәрмекті сатып алу мәселесін дұрыс бақыламайтынын көрсетеді», – деді депутат.

Сұр схема

Ал министрлік өкілі емханаларға жоғары сапалы дәрі сатып алынатынын, медициналық мекемелерге дәрі көрінген жерден алынбайтынын айтты. Дәл осы себепті бағаларда айырмашылық бар деп сендіріп, мұндай проблеманың бар екенін мойындамады. Осы тұста әңгімеге Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов араласты.

«600%-дық айырмашылыққа қатысты түсіндіре кетсем. Мысалы, «Виктоза» дәрісі «Тамыр+» дәріханасынан 16 500 теңгеге сатып алынды. Бұл дәрі бұған дейін қалалық емхана есебінен шығарылған. Дәрінің емханаға сатылған кездегі құны 37 мың теңгені құраған. Дәл солайша Алматының бір емханасында тіркелген «Стелара» дәрісінің алғаш сатып алғандағы бағасы 1,1 млн теңгені құраған. Ал есептен шығарылғаннан кейін, кезекші дәріханада 164 мың теңгеден сатылған. Яғни 5-6 есе арзан. Бұл препараттардың маркировкасы бар. Сондықтан олардың қозғалысын бақылай аламыз. Бұл жағдайда дәрі сұр схемалар арқылы есептен шығарылып, басқа дәріханаларда әлдеқайда арзанға сатылады», – деді Смайылов.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі мұндай фактілерді бірінші рет естіп тұрғанын, Жоғары аудиторлық палата келтірген деректер бойынша емханалар тексеріліп, тиісті шаралар қабылдайтынын айтты.

Еске сала кетейік, Жоғары аудиторлық палата фармацевтикалық саладан бірқатар олқылықтар анықтаған болатын. Аудиторлардың мәліметінше, Әлеуметтік сақтандыру қоры медициналық қызмет сапасына дұрыс бақылау жүргізбейді.

Сонымен бірге Смайылов елдің фармацевтика нарығына 1,2 трлн теңге қаржы жұмсалғанын, бірақ салада нақты жетістік аз екенін айтқан еді. Осындай қаражат бөлінгеніне қарамастан елде соңғы 10 жылда небәрі 2 дәрі шығарылып тіркеуден өткен.

Сондай-ақ оқыңыз