Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру салтанатына қатысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік рәміздер күніне орай Астанада өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Туыңды тік ұста!»

Салтанатты шара «Атамекен» этномемориалды кешенінде ұйымдастырылған. Президентке Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы рапорт берген соң, Қазақстанның әнұраны шырқалып, көк байрақ көкке көтерілген.
«Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Сондықтан біз осы мейрамға орай жыл сайын көк Туымызды биікке көтереміз. Бабаларымыз «Туыңды тік ұста!» деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу – баршаға ортақ парыз. Бүгінде көк байрағымыз қастерлі Отанымыз – Қазақстанның бейбіт аспанында желбіреп тұр. Оны кейінгі ұрпаққа табыстау – қасиетті борыш», – деді президент.
Көк тудың желбірегені…

Президент барлық қазақстандықты Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, атаулы күннің маңыздылығына тоқталған. Қазақстанның көк Туын бүгінгі күні бүкіл әлем мойындайтынын, киелі рәміздің Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде ілініп тұрғанын да атап өткен. Тек ресми халықаралық ұйымдарда емес, сонымен бірге туымыздың әлемнің ең биік нүктелерінде желбіреуіне үлес қосқан альпинистердің ерлігі де ерекше аталды. Бұдан бөлек жеңіс тұғырында көк туды желбіретіп, әнұранды әуелеткен спортшылардың да еңбегі едәуір екенін айтты.
«Биыл жауынгерлеріміз бітімгерлік миссиясын көк байрақтың астында тұңғыш рет дербес орындап келді. Азаматтарымыздың, мемлекетіміздің осындай жетістіктері Қазақстанның қуатты әрі жасампаз ел екенін көрсетеді. Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы. Елтаңбамыз, көк Туымыз бен Әнұранымыз әр азаматтың жүрегінен ерекше орын алады. Бұл – нағыз отаншылдық белгісі. Ұлт нышандары – халқымыздың болмыс-бітімінің айнасы, жарқын болашағымыздың кепілі, – деді Тоқаев.
Ата Заңның 30 жылдығы
Жиында Тоқаев Қазақстанның Ата заңына 30 жыл толатынын атап өтіп, заң үстемдігі туралы сөз қозғаған.
«Негізгі заң біздің қоғам арқа сүйейтін басты қағидаттардан тұрады. Конституция арқылы заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз етіп, ауқымды өзгерістерді кезең-кезеңімен қолға алып жатырмыз. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне әрқайсысымыз үлес қосып келеміз. Бізді көк паспортымыз, реформалардың жасампаз қуатына деген ортақ мақсат пен мызғымас сенім біріктіреді», – деді ол.

Сонымен бірге салтанатты шарада Президент оқуын үздік бітірген курсанттарға шен тапсыру рәсімі жақсы дәстүрге айналғанын айтып, жастарға Қазақстан туын қашан да биік ұстауды тапсырды.
«Отан күзетінде тұрған ұландарымызды баһадүр бабалардың бүгінгі ізбасары деуге болады. Қастерлі Туымызды әрдайым тік ұстаңыздар! Мен бұған кәміл сенемін! Байрағымыз биікте желбіресін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» – деді Мемлекет басшысы.