Жаңалықтар

Оңтүстік Кореяның жаңа президенті ресми түрде қызметіне кірісті

Ли Дже Мен
Ли Дже Мен Оңтүстік Корея президенті болып сайланды / Фото: Kyodo/Kim Min-Hee/Pool via REUTERS

Оңтүстік Корея президенті болып  Ли Дже Мен сайланды. 3 маусым күні өткен сайлауда Ли 49,42% дауыспен өзінің қарсыласы Халықтық билік партиясынан ұсынылған кандидат – Ким Мин Судан басым түскен. Бұл туралы Yonhap News басылымы хабарлады.

Сайлау қорытындысы

 Ли Дже Меннің қарсыласы Ким Мин Су сайлауда 41,15% дауыс жинаған. Оған 14,4 млн адам дауыс берген. Ал Ли Дже Менді 17,7 млн адам қолдаған.

«Мен президент ретінде бекітілгеннен кейін, экономиканы және халықтың әл-ауқатын қалпына келтіруге бар күш-жігерімді саламын», – деп мәлімдеген президент сайлау қорытындысы шыққаннан кейін.

Президент анты

Басылым президенттің 4 маусым күні ант беріп, ресми түрде қызметіне кіріскенін хабарлады. Өз сөзінде жаңа президент бөлінген ұлтты біріктіруге, экономиканы жандандыруға және ұлттық мүдделерге негізделген прагматикалық дипломатияны жүргізуге уәде берген.

«Мен бақылайтын және басқаратын емес, қолдайтын үкімет құрамын», – деп мәлімдеген ол.

Сонымен бірге президент АҚШ және Жапониямен тығыз байланыс орнататынын, ал Солтүстік Кореямен диалог құрып, жалпы Корей түбегінде бейбітшілік орнауына бар күшін салатынын жеткізген.

Президент инаугурациясы салтанатты түрде 17 шілде – Конституция күні өткізіледі.

Ескі президентке жарияланған импичмент

Ли кезектен тыс президент сайлауы нәтижесінде билікке келіп отыр. Кезектен тыс сайлауға бұрынғы президент Юн Сок Ёлге импичмент жарияланып, қызметтен қуылуы негіз болды. Ал импичментке экс-президенттің 2024 жылдың желтоқсанында әскери режим енгізуі түрткі болған. Президент енгізген әскери режимді ел парламенті 6 сағат өткен соң, тоқтатып тастады. Осыдан кейін оппозиция президенттің отставкаға кетуін талап етіп, кетпесе импичмент жарияланатынын мәлімдеді.