Қазақ тілінде жауап ала алмаған Зайытов орысша сөйлеп кетті

Мәжілісте халықты және денсаулық сақтау объектілерін дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етуге қатысты жиын өтті. Жиында депутат Ринат Зайытов Денсаулық сақтау министрлігінің өкіліне қазақ тілінде сұрақ қойып, орыс тілінде жауап алды.
Депутат алғашында Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаевқа елде дәрілік заттарды тіркеуге қатысты бірнеше сұрақ қойды. Депутат кейбір компанияларға дәрілік заттарды тіркеу куәлігі бірнеше жыл қатарынан берілмейтінін, енді кейбіріне бірнеше күнде берілетінін айтып, мұның себебін сұрады.
Бірақ вице-министр сұраққа орыс тілінде жауап берді. Бұл депутатқа ұнамай, сұрағын орысша қоюға мәжбүр болды.
«Жалпы президентіміз «кім қандай тілде сұрақ қойса, сондай тілде жауап алуға құқылы» деген. Жарайды, әріптестерді қинамай сұрағымды қайталап өтейін. Вопрос не был в том что вы собираетесь делать? Вопрос был конкретный. Почему когда вы делаете экспертизу на лекарственные препараты, у вас выбирательные методы. Какие вы приняли меры тем людям которые это позволили. Что вы предпринимаете что такое не повторялось?», – деп сұрады депутат.
Осы сәтте Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов: «Қос тілде де сайрайды екенсіз ғой Ринат Рифхатұлы. Ержан Шәкірұлы енді жауап берген оңай болатын шығар», – деп жұртты күлдірді.
«Дәрілік заттарды тіркеу куәлігінің әркімге әрқалай мерзімде берілетініне қатысты айтар болсам, жақын арада біз бұл мәселені шешеміз. Ал жауапты тұлғаларға қандай жауапкершілік қолданылғанына қатысты ақпаратты жазбаша береміз», – деп жауап берді министрлік өкілі.
Еске сала кетсек, Зайытов Парламент қабырғаларына келгелі көп нәрсені түсінгенін айтып, билікті мақтаған болатын. Депутат елдегі оң өзгерістерді көрмес қана көрмейтінін айтқан.