Жаңалықтар

«Қазақстаннан сұратуымыз мүмкін»: Кремль дрон шабуылына күдікті туралы пікір білдірді

Дмитрий Песков тергеу жүргізіп, дрон шабуылына күдіктіні табу үшін барлық амалды жасайтынын айтқан /фото: KursivMedia мұрағаты
Дмитрий Песков тергеу жүргізіп, дрон шабуылына күдіктіні табу үшін барлық амалды жасайтынын айтқан / фото: KursivMedia мұрағаты

Кремль Ресей әскери аэродромдарына дрон шабуылын жасаған күдікті жөнінде осындай пікір білдірді. Оны ұстап беру үшін Қазақстанға жүгіну мүмкін.

RBC ақпаратына қарағанда, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеудің осы шабуылдарды тергеу үшін барлық амалды жасайтынын мәлімдеген.

Песковқа қойылған сауал

Оның сөзінше, Ресейдегі әскери нысандарға жасалған шабуылды арнайы қызмет тексеріп жатыр.

Ресейлік журналистердің бірі «Ресей шабуыл ұйымдастырушыларының бірі Артем Тимофеевті Қазақстаннан экстрадициялауды талап ете ме?» деп сауал қойған.

Песковтың пікірінше, Тимофеевтің Қазақстанға кеткені жөніндегі ақпарат әзірге ресми расталмаған.

Барлық амал жасалады

«Бұл – арнайы қызметтердің құзырындағы мәселе. Әлбетте, бұл қылмысты ашу үшін қажеттінің бәрі жасалады», – деді Песков.

Әскери аэродромдарға жасалған дрон шабуылына күдікті ретінде Артем Тимофеевке іздеу жарияланды. Өйткені күдіктіге қатысты ақпаратты Усть-Кут қаласының әкімдігі таратты. Онда Тимофеевтің «Белая» әскери аэродромына жасалған шабуылға қатысы болуы мүмкін екені айтылған еді. Кейін әкімдік «ВКонтакте» мен Telegram-дағы фотосуреттері бар жазбалар өшірілді.

Күдікті қайда тұрған?

Айта кететін жайт, маусым айының басында Иркутск облысындағы әскери аэродромға дронмен шабуыл жасалды. Ұшқышсыз аппараттар әскери нысанға жақын тұрған жүк көлігінен ұшырылған. Baza атты telegram-арнасы бұл жүк көліктерінің Артем Тимофеевке тиесілі болғанын хабарлады.

«РИА Новости» агенттігі Челябі қаласындағы Тимофеев тұрған пәтерді тапқанын мәлімдеді. Агенттік пәтердің қазіргі тұрғындарымен сөйлесіп, олар бұл пәтерде Тимофеевтің бұрын тұрғанын және оны бір апта бұрын көргендерін айтқан.