Әлемдегі ең қымбат футболшылар кімдер? Ямал, Дуэ, Мбаппе…

Әлемдегі ең қымбат футболшылар рейтингі жарияланды. Еуропа чемпиондығы Дуэ және тағы да 10 париждіктің бағасын арттырған.
Ең қымбат футболшы кім?
Le Figaro ақпаратына қарағанда, Футбол зерттеу институты CIES Football Observatory әлемдегі ең құнды 100 ойыншының рейтингін жариялады.
Бұл тізімде Пари Сен-Жерменнің 11 ойыншысы бар. Ал көш бастап тұрған – Барселонаның 17 жастағы жұлдызы Ламин Ямал.
Испандық вундеркиндтің трансферлік құны – 402,3 млн еуро. CIES ұжымы осы аптада жариялаған рейтингке сүйенсек, Ямал – әлемдегі ең қымбат футболшы. Ол жақында Барселонамен 2031 жылға дейінгі жаңа келісімге отырған еді.
Екінші, үшінші орында кімдер?
Ең қымбат футболшылар тізімінде жас таланттан кейін Манчестер Ситидің норвегиялық шабуылшысы Эрлинг Холанд (€239,6 млн) пен Реал Мадридтің ағылшын жұлдызы Джуд Беллингем (€233,8 млн) жайғасқан.
Мбаппе – үздік француз футболшысы
2024/25 маусымындағы Еуропаның «Алтын бутсы» иегері, Реал Мадрид ойыншысы Килиан Мбаппе рейтингте төртінші орында тұр. Құны 192,5 млн еуро деп бағаланған. Айта кетейік, 26 жастағы футболшы Топ-10-дағы ең жасы үлкен ойыншы.
Ондықтағы ойыншылар
Ең қымбат футболшылар тізімінде одан кейінгі орындарда Педри (Барселона), Джамаль Мусиала (Бавария), Винисиус Жуниор (Реал), Коул Палмер (Челси), Хулиан Альварес (Атлетико) және Флориан Вирц (Байер) орналасқан.
Жалпы, рейтингте Англия Премьер-лигасы айқын басымдыққа ие болып отыр. 100 ойыншының ішінен 42 футболшы АПЛ-да ойнайды. Салыстыра кетсек, Испания Ла Лигасында – 19 ойыншы.
Үздік клуб
Жеке клубтар арасында Пари Сен-Жермен бірінші орынға шықты. Чемпиондар лигасының жаңа жеңімпазы CIES тізіміне бірден 11 ойыншысын кіргізген. Париж жұлдыздары Жоау Невеш – 13-орын, 117,8 млн еуро, Дезире Дуэ – 17-орын, 108,7 млн еуро, Брэдли Баркола – 25-орын, 98,8 млн еуро. Ең қымбат футболшылар тізімінде ондыққа іліккендер осылар.
Сонымен қатар Уоррен Заир-Эмери, Хвича Кварацхелия, Нуну Мендеш, Витинья, Виллиан Пачо, Лукас Бералдо, Усман Дембеле және Ашраф Хакими де үздік жүздікке кірген.